«Келешек» жинақтау жүйесі мен Ұлттық қорда жиналатын балалар қаражатын біріктіруге болады – министр
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі мен Ұлттық қорда жиналған балалардың қаражатын біріктіріп, болашақта оқуға немесе баспанаға жұмсауға болады. Бұл жайлы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Министр «Келешек» бағдарламасы мен Ұлттық қорға жиналатын қаражаттың айырмашылығына тоқталып өтті. Сонымен бірге қаражатты қайда және қалай пайдалануға болатынын түсіндірді.
«Бұл екеуі – екі түрлі бағдарлама. Бірақ бұл ақша оқуға түскен кезде бірігіп кетеді. «Келешек» бағдарламасына тоқталсақ, қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Сол себепті де қаражаттың қай банк арқылы берілетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ банктерді таңдауда сенімді әрі қаржылай тұрақты банктерге басымдық берілетіні анық. Келесі жылдан бастап кез-келген ата-ана банктерге барып арнайы қорғалған есепшоттар аша алады. Ол жерге ең аз дегенде 1 АЕК көлемінде – 3450 теңге қаражат түсіп отырады« – деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, осылайша мемлекет ата-аналарды ынталандыру үшін бастапқы капиталын ашып беруге көмектеседі. Ал, «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы бұл жобадан бөлек, өз алдына жеке бағдарлама.
«Ұлттық банкте әр баланың қорғалған есепшоты ашылып, сол жерде жиналады. Бұл қаражат бала оқуға түскен уақытқа дейін жиналатын болады. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасымен жинаған ақшасы мен қорда жиналған ақшаны сол кезде біріктіріп, баланың білім алуына жұмсай алады. Ал егер бала грант алатын болса, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсай алады, болмаса, оны бауырын немесе қарындасының оқуын төлеуге қалдыра алады. Бұл қаражатты жинаудағы басты мақсат – балалардың жоғары білім алуына жағдай жасау», – деді Ғылым және жоғары білім министрі
Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында 5 жастан асқан балаларға арналаған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетінін айтқан болатын.
«Келешек» бағдарламасында мемлекеттен берілетін бастапқы капиталдан бөлек ата-аналардың ерікті салымдары, инвестициялық кіріс және мемлекеттік сыйақы қарастырылған.