Қазақстандағы бақылау-өткізу пунктері цифрландырылады /kursiv.media
Сейсенбідегі Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне Шекара қызметімен, Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін өткізу пунктерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша нақты шара әзірлеуді тапсырды. Ал Цифрлық даму министрлігіне осыған қатысты барлық ақпараттық жүйені біріктіру міндетін жүктеді.
«Көлік министрлігі Сауда, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, көлік-логистикалық орталықтар мен кеден қоймаларын дамытудың жол картасын әзірлеуі керек», – деді премьер-министр.
Автокөлік құралдарымен жүк тасымалдауды және транзитті дамыту маңызды мәселе екеніне тоқталған Әлихан Смайылов Қазақстан аумағы арқылы жалпы ұзындығы 13 мың шақырымға жуық 8 халықаралық автожол дәлізі өтетінін айтты.
«Олардың ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік», ТРАСЕКА бар. Бұл бағыттардағы жүк ағынын арттыру және жүктің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін кедергілерді барынша азайту қажет. Шекарадағы кептеліс, құжаттың ұзақ рәсімделуі, сапасыз инфрақұрылым, ұйымдастыру жұмысының нашарлығы кедергі болып саналады. Жүк тасымалдау процесіне қатысушылар осындай кемшіліктерге шағымдануда», – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы цифрландыру қолға алынып, ақпараттық жүйе біріктірілгенде мәселе әлдеқашан шешімін табар еді дегенді айтты.
«Жүк таратудың маңызды инфрақұрылымдық буыны – кеден қоймаларын дамыту қажет. Бұл өткізу пунктеріндегі кептелісті жоюға, сондай-ақ жүк ағынын арттыруға мүмкіндік беретін әлемдік тәжірибе», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр басқа елдерге жүк тасымалдауға рұқсат беретін бланкі беру ісінде де кемшілік бар екеніне назар аударды.
«Өзіміздің жүк тасымалдаушыларымызды бланкімен қамтамасыз ету тетігін қайта қарап, оларды орынсыз талаптан босату қажет», – деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойындағы қызмет көрсету сапасы сын көтермейтінін мәлімдеді.
«Мәселен Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеді. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай. Қызмет көрсету нысандары үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді. Осыған байланысты, инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр», – деді премьер-министр.
Әлихан Смайылов жол бойындағы сервис нысандары мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талап белгіленген Ұлттық стандарт қабылданғанын, алайда қызмет көрсету нысандарының басым бөлігі ұлттық стандартқа сай емес екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Қазақстан Еуропаға жүк жеткізудің балама жолын тапқанын баяндады.
Сондай-ақ ол жол сапасын қорғау мақсатында Астанаға кіретін жүк көліктерінің cалмағы өлшенетінін жариялады.