«Барахолкадағы былық»: экс-президенттің қарындасы Әнипа Назарбаева «базарға мәңгі иелік ететініне» сенімді болған
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева 10 жылға жуық уақыт шамасында «Кенжехан» базарындағы әр сауда орнын 10 мың доллардан сатқан.
Осы уақыт аралығында бірде-бір бизнес субъектісімен сату-сатып алу шарты жасалмаған. Сауда орны үшін 10 мың доллар төлеген адамдарға контейнердің паспорты ғана берілген. Келісімшарт талап еткен жандарға: «Біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар!» – деген.
Мәжілісмен Нартай Аралбайұлы премьер-министрдің орынбасары-
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында осындай мәлімдеме жасады.
«Бүгінгі депутаттық сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар Алматының әйгілі барахолка базарында сауда жасайтын қандастар. Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы, кеш батысы контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған мына хатында «Кенжехан» базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазған. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да күштінің дүмі диірмен тартады демекші, қаналған қаржысын қайтара алмай келеді көпшілік», – деді депутат.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева Алматыдағы «Кенжехан» базарындағы бір орында 10 мың долларға сатқан.
«Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар!» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда бір мыңға жуық контейнер бар. Әрі қарай есебін шығара беріңіздер», – деді мәжілісмен.
Депутат қолындағы арызда жазылған ақпаратқа сүйеніп, 2022 жылғы 4 сәуірде «Кенжехан» базарының 100% үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткенін мәлімдеді.
«Бұл базар 640 млн теңгеге сатылды делінеді», – деді Нартай Аралбайұлы.
Ол базардың жаңа қожайыны саудагерлерге «контейнерді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойғанын жариялады.
«Осылайша, халық 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келісім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы келісімді сол базардағы нотаруисте рәсімдеуге міндеттеген. Бұл үшін әр саудагер тағы 43 мың теңге төлеген. Сондай-ақ әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген жаңа талап қойылған. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт», – деді депутат.
Нартай Аралбайұлы алматылық саудагерлердің 3 талабын жариялады:
- Бір контейнерге 2 рет ақша төлегендерге бұрынғы немесе бүгінгі базар иесі ақшаны қайтарып берсін!
- Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп, жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығы тексеріліп, шара қолданылсын!
- «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген. Қаржы министрлігі соның нәтижесін ұсынсын!
«Жыл басында Қазақстанда 722 базар тіркеліпті. Соның бәрінде заң толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Себебі ол жақтағы саудагерлерден де арыз келеді. Осы депутаттық сауалды дайындау барысында Барахолкадағы «Рахат және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базарды тексеру керек деп есептеймін», – деді депутат.
5 желтоқсанда kursiv.media «Алтын Орда» базарындағы бизнес-процесс цифрлық форматқа көшірілетінін хабарлаған болатын.