Алматы қаласында автотұрақтарға ақы төлеу электрондық терминал арқылы жүргізілмейтін болды
Алматыда ақылы автотұрақтарды ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
«Бүгінгі таңда алаңдық тұрақтарда кіру/шығу шлагбаум жүйесімен бақыланады. Алаңдық типтегі автотұрақтардағы коммуналдық кәсіпорын кедергісіз жүйені ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мұндай жүйе өткізу қабілетін арттыруға қызмет етеді, кіру және шығу кезектерін болдырмайды, автомобильдердің тұрақ аумағына кіру уақытын қысқартады, сонымен бірге, жүйе автомобильдерді автоматты режимде тіркеуге мүмкіндік береді және төлемеген жағдайда айыппұл салады. Әрі бұл индикацияны және бос орындарды автоматты түрде санауға жол ашады», – делінген хабарламада.
Бұған қоса, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды ұстауға және ыңғайлылыққа жұмсалатын шығыстар бойынша бюджетті үнемдеу мақсатында төлем жасау үшін электрондық терминал да алынып тасталады.
QR код арқылы бірнеше секундта төлеуге болады және ол күнделікті өмірде қолдануға ыңғайлы болуы үшін мобильді құрылғымен біріктірілген.
«Автотұрақтарды ұйымдастыру қағидаларында көк түсті жол таңбасын қолдану жоспарланған. Әлемдік тәжірибеде көк таңбалау ақылы автотұрақтардың шекараларын белгілеу үшін кеңінен қолданылады. Тығыз трафикпен жол белгісі байқалмайды деп саналады, бірақ көк таңба сөзсіз назар аударады», – делінген хабарламада.