Алматыдағы көпшілік қауым Барахолка атап кеткен сауда аймағында орналасқан «Рахат» және «Евразия» базарларындағы бір топ саудагер мен олардың құқығын қорғап жүрген заңгерлер арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. БАҚ өкілдерінің алдына шыққан олар әкімдіктен заңсыз қысым көріп отырғанын айтты.
Айтуларынша, мәселе сол аймақтағы базарларды модернизациялау деген әңгімеден басталған. Жалпы, Алматы базарларын заман талабына сай модернизациялау 2015 жылдан бері жүргізіліп жатыр.
«Бірақ бұл мәселені тереңірек қарастырсақ, мәселе басқада. Осы жайтты, атап айтқанда, барахолка мәселесі мен Алматы әкімдігі тарапынан орын алған озбырлық туралы қоғамға айтқымыз келіп отыр. Сауда базарларын жаңғырту, яғни «модернизациялау» ешбір құқықтық актілерде бекітілмеген. Модернизация талабы қалай жүргізілу керек деген сұраққа жауап та жоқ, өйткені, бағдарлама жоқ. Субсидия не жеңілдікпен несие беру мәселелері ешқандай заң нормаларымен қамтылмаған. Осы күнге дейінгі модернизация базардағы сатушылардың есебінен жасалынып келеді. Сатушылардың шегіп отырған зардабы орасан», – дейді AZP заң кеңесшілері палатасының заңгері Жәнібек Башанов.
Оның айтуынша, осы модернизацияға қалталарынан қомақты ақша жұмсаған кәсіпкерлер артында алаяққа алданып қалған жағдай орын алған. Ашынған сатушылыр құқық қорғау орындарына шағымданған. Айтуларынша 67 сатушының миллиондаған долларын қалтасына басып кеткен азамат бұл күнде Ресейде емін-еркін өз бизнесін жүргізіп жатқан көрінеді.
«Мысалы, «Еуразия» сауда үйінің бұрынғы иесі, жеке басы анықталған Игор Ноколаевич Овсянников деген азамат «модернизация жасау керек» деген желеумен саудагерлерден болашақта салынатын бутик үшін бірнеше мыңдаған доллардан жинап алған. Барлығы 67 кәсіпкер 4,5 миллион доллар көлемінде ақша жинап, сауда үйі құрылысын салуға ат салысқан. Сауда үйі салынып біткен соң, оны үшінші тұлғаларға сатып, шетелге кетіп қалған. Жаңадан келген сауда үйінің иесі сатушыларға мүлдем өзге талаптар қойып, «реконструкция» жасаймын деп дүрліктіріп отыр», – дейді заңгер.
Оның айуынша, Овсянниковке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Іске қатысты Алатау аудандық полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатқанына 1 жылға жуықтаған.
Айтуларынша, тергеу салғырт жүргізілуде. Екі апта сайын кәсіпкерлер Алматы қаласы прокурорының орынбасарының қабылдауында істің тергелуін бақылауда ұстап отыр екен.
Жақында сауда орындарының құрылтайшылары арасынан тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын туыс адамның аты-жөні аталған. Бүгін жиналғандар Овсенниковқа қатысты істің баяу жүруіне осы фамилия әсер етіп отыр деп санайтындықтарын ашып айтты.
«Осы іске қатысты тергеу кезінде базар құрылтайшыларының бірі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Әсел Исабекованың (туған сіңілісі Ақтоты Исабекованың жолдасы) күйеу баласы Дулат Жантелиевтің аты шықты! Бәлкім, тергеудің сылбыр жүргізілуінің себебі де осы болар?» деген күдік жорамалымыз бар», – дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғап келген тағы бір заңгер Жәмилав Төленова.
Осыдан кейін сөз алған аталған сауда орнының кәсіпкері Сауле Абдуллина кезінде жоғарыда аты аталған Овсченииков пен Амалбек Ташметовке өз қалталарынан болашақта салынатын сауда орнынан алатын дүңгіршектерінің бір шаршы метрі үшін 2000 АҚШ долары көлемінде ақша төлегендерін айтады.
«Олар сол жердегі барлық саудагерді жинап, «мына базарды қайта модернизациялау керектігін талап етіп жатыр. Ол үшін жер бізден, ақша сендерден» деген талап қойды. Біз келістік. Сауда орны салынып біткен кезде Овсенииковтың ол ғимаратты басқа біреуге сатып кеткенін бір-ақ білдік. Оның серіктесі болған Ташметов бізбен кездескенде, бізден 4,5 емес 5,5 млн АҚШ доллары жиналғанын, оның 3,3 млн долларына сауда орнын салынып, 2,2 млн доллар қаражатты Овсченииков Мәскеуге алып кетіп, қымбат мейрамхана сатып алғанын айтты», – дейді С. Абдуллина.
Ол жоғарыда аты аталған Амалбек Ташметов деген азамат полицияға келіп жауап беруден барынша қашып жүргенін айтты.
Баспасөз жиынын өткізгендердің тағы бір талабы «ТКМ» ЖШС иесі болып табылатын «Рахат» базарына қатысты болды.
Базардағы кәсіпкерлердің атынан келген Ләззат Көпебаеваның айтуынша, 5 жылдан бері базар төңірегіне қатысты Алматы әкімдігімен сот процесі жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы билік экс-әкім Бауыржан Байбек кезінде де, қазіргі әкім Ерболат Досаев кезінде де саудагерлер мәселесінің мәніне барғысы келмей, сот шешімін елеусіз қалдырып, іс жүзінде қараудан бас тартып отыр. «ТКМ» ЖШС-нің базар орналасқан жердің нарықта құрылған сәттен бастап жұмыс істеп келе жатқаны, заң жүзінде жер пайдалану құқығын алуда өзге пайдаланушылардың алдында артықшылық құқығы бар екені ескерілмей, өтініштері қаралмай келе жатқандықтарын айтты.
«2019 жылы сот өз шешімімен «ТКМ» ЖШС-нің арызын қарауды міндеттеді, ал әкімдік жасырын түрде, тіпті сотқа да ескертпестен, жиһаз фабрикасының құрылысына жерді берген. 2 жыл бойы сот процесі жүріп, қаңтар оқиғасынан кейін ғана, яғни 2022 жылдың 25 қаңтарында Алматы қалалық соты жиһаз фабрикасына құқық беру туралы әкімдік қаулысының күшін жойды.
Кедергі жойылғандай болып, кәсіпкерлерде үміт пайда болды. Бірақ 2022 жылы әкімдік «ТКМ» ЖШС-нің өтінішін қарамай, мемлекеттік сот орындаушысының талабын ескермей 2023 жылдың ақпан айында Жетісу ауданы әкімінің аппаратына жер учаскесін көгалдандыруға тапсырма береді. Айтуларынша ол жерде саябақ (СКВЕР) болады, мемлекеттен қаржы бөлініп қойды деп отыр! Әкімдік «Рахат кз» сауда орталығы мен «Ялян» сауда үйінің арасындағы барахолкадағы алаңда СКВЕР салуға неге мүдделі болып отыр, мұны қалай бағалау керек?», – дейді кәсіпкер Ләззат Көпебаева.
Алматы қаласы әкімдігі «ТКМ» ЖШС-нің құқықты қайтару туралы өтінішін 2023 жылдың маусым айында қарап, «ТКМ» ЖШС-ге учаскеге құқық беруден бас тартқан. Сот шешімін орындауды елемеген мемлекеттік органның бұл әрекетіне базар сатушылары наразылық білдіріп отыр. Қажетті есіктердің барлығына барып, амалы таусылған олар Мемлекет басшысынан араша сұрамақшы.
«Біздің бүгінгі талабымыз бізге әкімдіктен ешқандай да көмек керегі жоқ. Біз сол жердегі 400 кәсіпкер саудамызды істеп, өз-өзімізді жұмыспен қамтып, отбасымызды бағып, кәсіпкер ретінде мемлекетке салығымызды төлеп отырмыз. Бізге тек қана ары қарай жұмыс істеу үшін жалға алу құқығын қайтарып, мерзімімізді ұзартып берсін. Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз», – дейді «Рахат» базарының саудагерлері.