коллаж kursiv.media
Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда депутат Бақытжан Базарбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңсыз сатылған жеріне қатысты дау жалғасып жатқанын жариялады.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, биыл 2017-2021 жылдар аралығында заңсыз сатылған жерді университетке қайтару туралы сот шешімі шыққан. Қызығы сол, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Atlas development компаниясының меншігіне өтіп кеткен жер күні бүгінге дейін жоғары оқу орнына қайтарылмаған.
Әзірше, Жер ресурстары басқармасы мен Atlas development компаниясы арасындағы текетірестің қашан аяқталатыны, Қазақ ұлттық университетінің өз жері өзіне қашан қайтарылатыны белгісіз.
«Барлықтарыңыз білесіздер, мынау ҚазҰУ-дың жері Omirex және Atlas Development-ке тиесілі. Оның құрылтайшылары Динара және Тимур Құлыбаевтар. Міне, ҚазҰУ-дың жері соларға тиісті», – деді Бақытжан Базарбек журналистерге.
Белгілі болғандай, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 қазандағы шешімімен судья Д. Нұрбеков Жер ресурстары басқармасының талап-арызын толығымен қанағаттардырып, Omirex және Atlas Development сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы шешім шығарған.
Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігі қабылдаған университеттің меншігіндегі жер телімінің бір бөлігін иеліктен шығаруға қатысты қаулыны заңсыз деп таныған. Бұған қоса, Жер кодексінің 43 және 48-баптарының нормалары бұзылғанын дәлелдеген.
Бақытжан Базарбек атап көрсеткендей, университет аумағынан жер телімін алған компаниялардың Тимур Құлыбаев пен Динараға Құлыбаевға тікелей қатысы болған.
Әу баста Omirex ЖШС автотұрақ салу үшін жерді қысқа мерзімге, уақытша пайдалануға рұқсат алған. Нәтижесінде компанияға әл-Фараби даңғылының бойынан 69/5 және 69/7 деген белгісі бар екі дербес жер телімі берілген.
2018 жылы бұл компанияның жарғылық капиталы «Аркада Impex» ЖШС-ға өткен. Кейін «Аркада Impex» ЖШС Atlas Development болып қайтадан құрылған. Компания жобалау және құрылыс жұмыстарымен айналысқан.
Atlas Development ЖШС-ның екі құрылтайшысы бар. Құрылтайшылардың бірі – «Кипрос» ЖШС, екіншісі Joint Technologie ЖШС.
«Кипрос» ЖШС құрылтайшысы Тимур Құлыбаев. Ал Раушан Сағдиева басқаратын Joint Technologies компаниясының құрылтайшысы «Кипрос» ЖШС.
Заңгер-депутат Бақытжан Базарбектің баяндауынша, Қазақ ұлттық университетінің жері көлемі Алматыда Ахметжан Есімовтен кейін, Бауыржан Байбек әкім болған кезде қысқара бастаған.
Мысалы, Ахметжан Есімовтің 2012 жылғы 30 қаңтардағы қаулысында ҚазҰУ жер телімінің ауданы 73,2662 гектар болса, Бауыржан Байбектің 2017 жылғы 2 қазандағы қаулысында жер телімінің ауданы 72,4872 гектар деп көрсетілген.
«2021 жылдан бастап тәуелсіз заңгер ретінде парламентке дейін Қазақ ұлттық университетінің жері, Іле-Алатауы ұлттық табиғи саябағының жерлері, тау бөктеріндегі алма бақтарының жері жекеменшікке өтіп кеткенін көтеріп жүрдім. 2018-2019 жылдары Бауыржан Байбек кезінде 8-ге жуық қаулы қабылданған. Соған сәйкес біраз жер жекеменшікке өтіп кеткен. 2022 жылы өз атымнан сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Алматы қалалық департаментіне осыған қатысты қылмыстық іс қозғау туралы арыз жолдадым. Өкінішке қарай, ҚазҰУ фактісі бойынша Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Менің арызымда іс Бауыржан Байбектің үстінен қозғалуға тиіс екені жазылды. Себебі қаулыға Бауыржан Байбек қол қойды», – деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.
Ол Алматы қалалық департаментіне жолдаған арыз-шағымынан ешқандай нәтиже болмағанын баяндады.
«Нәтиже болған жоқ. Себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент «ҚазҰУ жеріне байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып жатыр, осы комиссия аясында шешім қабылданады, сізді сол комиссияға шақырамыз деген. Бірақ бір ай, екі ай, бес ай өтті, бір жыл өтті, ешкім мені шақырған жоқ. Шақырмағаннан кейін, амалсыздан 2022 жылы «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы аясында тексеріс ашуға тура келді. 2022 жылғы маусымда Қазақ ұлттық университетінің жеріне қатысты 19-20 кадастрлық номерге байланысты тексерісті ашуға арыз бердім. Соның нәтижесінде Жер ресурсын басқару комитеті тексерісті ашты. Заң бұзушылықты анықтады. Ұйғарым шығарды. Төрт қаулыны заңсыз деп таныды. Төрт қаулы заңсыз деп танылғаннан кейін, ҚазҰУ жері мемлекет меншігіне қайтарылуы керек қой. Ол әлі қайтарылған жоқ. Себебі 2019-2020 жылдары бұзылмаған 3 қаулы қалды. Сол 3 қаулыны қазір Жер ресурсын басқару комитеті бұзып жатыр», – деді депутат.
ҚазҰУ-дың сайтындағы университеттің паспортында университеттің жалпы аумағы 100 гектардан асады деп жазылған. Депутат Бақытжан Базарбек 2021 жылғы 4 қаңтарда жариялаған қаулының көшірмесінде 71 гектар деп нақтыланған.
ҚазҰУ айдың-күннің аманында өзіне тиесілі жерден айырылып отыр. Университеттің жекеменшікке өтіп кеткен жері қашан қайтарылады, қайтарыла ма, оны уақыт және сот шешімінен кейінгі әрекет пен амал көрсетеді.
Сондай-ақ 2026 жылға қарай ҚазҰУ аумағында жаңа оқу корпустары, жатақхана және әкімшілік ғимарат бой көтеретінін, соңғы жылдары жоғары оқу орнының аумағы онсыз да қысқарып, ал жоспарланып отырған құрылыс ҚазҰУ-ды функционалды аймаққа бөлу ғана емес, сонымен қатар бөлуге болатын саябақ аумақтарынан айыратынын жазған болатынбыз.