Фото: shutterstock.com
Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт мөлшері бекітілді. Мемлекет басшысы 2024 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін заңға қол қойды.
Кепілдендірілген трансферт мөлшері әр жылға 2 трлн теңгеден келеді. Заңмен кепілдендірілген трансферттерден бөлек, қордан жыл сайын нысаналы трансферттерге де қаражат бөлінеді. Мәселен, 2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге республикалық ауқымдағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.
Заңда алдағы үш жылда мұнай секторы кәсіпорындарынан түсетін түсімдер бойынша мұнайдың кесімді бағасы да белгіленген.
- 2024 жыл – барреліне $43,4 ;
- 2025 – барреліне $40,2;
- 2026 жыл – барреліне $41,8
Қазіргі кезде Ұлттық қорда 29 трлн теңге жинақталған. 2023 жылдың 9 айында қорға 6,2 трлн теңге түсім түскен. Соның 4,4 трлн теңгесі – мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салық. Жыл басынан бері қорға 1,8 трлн теңге көлемінде инвестициялық табыс түскен.
Биыл Ұлттық қордан 3,97 трлн теңге алынған. Оның 2,2 трлн теңгесі бюджетке кепілдік берілген трансферттер болса, 1,8 трлн теңгесі – нысаналы трансферт.
2030 жылға қарай қорда 100 млрд АҚШ долларын жинақтау мақсаты қойылған.