Қазақстан 2027 жылға қарай мұнай өндіру көлемін жылына 105 млн тоннаға дейін жеткізбек

Жарияланды
Үкімет мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамыту жоспарын бекітті / shutterstock

2027 жылға қарай Қазақстан билігі Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру деңгейін жылына 105,5 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал, газ өндіру деңгейін 82,1 млрд м3 дейін арттыру көзделуде.

Үкімет мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойғаны хабарланды.

«Қабылданған кешенді жоспар мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу, сондай-ақ мұнай-газ-химия салаларында 20 маңызды жобаны іске асыруға бағытталған. Жобаларды іске асыруға $37,3 млрд көлемінде инвестициялар тарту көзделіп отыр», – делінген хабарламада. 

Атап айтқанда, құжатта еліміздің 2027 жылға қарай мұнай мен газ өндіруге қатысты да жоспары жазылған.

Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін, 3 жоба қолға алынбақ: 2029 жылға қарай Шымкент МӨЗ-інде өндіріс қуаты 6-дан 12 млн тоннаға дейін арттыру; Қуаты 9,1 млрд м3 газ тазартқыш кешенінің инфрақұрылымдық жобасы;
Қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін бірінші интеграцияланған газ-химия кешенін салу.

Шымкент МӨЗ-інің қуатын арттыру арқылы жылына 18 млн тонна мұнай өнімдері өндірілмек. Бұл зауытқа мұнай жеткізу үшін Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырын жылына 6 млн-нан 15 млн тоннаға дейін және Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырын жылына 10 млн-нан 20 млн тоннаға дейін кеңейту жобалары іске асырылатын болады.

«Геологиялық барлау жобаларын іске асыру және кен орындарын игеру аясында инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $10 млрд-ты құрайтын 7 жоба көзделген. Оның ішінде Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын өндіру жұмыстарына дайындау, Өріктау газ конденсаты кен орнын дамыту, сондай-ақ Қаратон-Подсолевой геологиялық барлау негізгі жобалар болып табылады», – делінген Үкімет таратқан ақпаратта.

Бұған дейін, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндірісті кеңейту нәтижесінде мұнай өндіру 100 млн тоннадан асады деп күтіліп отырғанын жазған едік.

2024 – 2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бойынша номиналды ішкі өнім 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз