Алматыда күн суытып, көктайғақ болады: «Қазгидромет» көлік жүргізушілерін сақ болуға шақырды
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, Алматыда ауа райы күрт бұзылып, көптен күткен қар жауады.
«9 желтоқсаннан бастап Алматыда ауа температурасы -18 градусқа дейін төмендеп, қар жауып, жел күшейеді, жолдар мен тротуарларда көктайғақ болуы мүмкін», – делінген «Қазгидрмет» болжамында.
Осы орайда автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге жолдағы қауіпсіздік ережесін сақтау керектігі ескертіледі.
Автокөлік жүргізушілеріне:
- қауіпсіз қашықтықты сақтау:
- қолайсыз ауа райын ескеріп, жылдамдықты асырмау;
- жол ережелерін сақтау;
- шұғыл бұрылмауға және тежегішті бірден баспау ұсынылған.
Ал жаяу жүргіншілерге сақ болу ұсынылады. Жолдан өткенде жүргізушінің нақты тоқтағанына көз жеткізген соң ғана жолдан өту керектігі ескертілген. Өйткені көктайғақ кезінде көлік бірден тоқтай алмайды, соны қаперден шығармау керек.
Осы орайда Almaty_Joly қар жауған кезде қалада қауіпсіздік шаралары қолға алынып, жолға көктайғаққа қарсы материалдар себілетінін жеткізді. Сонымен бірге жолдарды тазартып, қар үйінділерін шығаруға 818 бірлік техника мен 1 240 жұмысшы жұмылдырылатынын хабарлады.
Еске сала кетсек, желтоқсанның алғашқы он күндігінің соңына қарай Қазақстанның көптеген өңірде күн суытып, қар жауатыны болжанған.
«Желтоқсан айының бірінші онкүндігі аяқталар шақта ауа райы бұзылып, оңтүстік аймақтардан өзге өңірлерде күн аяз болады деп күтіледі. Қар жауып, бұрқасынды жел күшейеді, ауа температурасы түнгі уақытта -10-20°С-қа, күндіз -3-10°С-қа дейін төмендейді деп болжануда», – деп хабарлаған болатын «Қазгидромет».
Еске сала кетсек, Астанада күн сутып, қолайсыз ауа-райына байланысты 5 желтоқсанда ірі тас жолдары жабылып, мектептер қашықтан оқытуға көшірілді.