Жыл сайын әлемде 2,6 миллион адам алкогольден қайтыс болады: ДДҰ зиянды өнімдерге салықты көбейтуді ұсынды
Дүниежүзілк денсаулық сақтау ұйымы алкоголь және тәтті тәтті сусындар сияқты зиянды өнімдерге салықты көбейтуді ұсынды. Алкоголь және тәтті сусындар сияқты зиянды өнімдерге қолданылатын төмен жаһандық салық мөлшерлемелерін көрсететін жаңа деректерді зерттей келе ұйым осындай шешімге келген.
ДДҰ зерттеуінше, көптеген мемлекет салауатты өмір салтын ынталандыру мақсатында салықтарды қолданбайды. Мұндай елдерге көмектесу үшін ДДҰ алкогольге салынатын салық саясаты мен әкімшілігі бойынша техникалық нұсқаулықтар шығарған.
Ұйым келтірген мәліметтерге сенсек, жыл сайын әлемде 2,6 млн адам алкогольден, 8 миллионнан астам адам дұрыс тамақтанбаудан қайтыс болады. Ал алкогольді тұтынуға қатысты салық енгізілсе, бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеуі мүмкін.
2017 жылғы ДДҰ жүргізілген зерттеулерге сенсек, алкоголь бағасын 50%-ға арттыратын салық 50 жыл ішінде 21 миллионнан астам өлімнің алдын алады екен. Сонымен бірге 17 трлн долларға жуық қосымша табыс әкеледі. Бұл көлем әлемдегі ең ірі сегіз экономиканың бір жылдық жиынтық табысына тең екен.
Мәселен, 108 елде қант қосылған сусынның кейбір түріне салық салынғанымен, әлемдік орташа акциз сомасы тәтті сусын бағасының 6,6%-ын ғана құрайды екен. Сонымен бірге 148 ел ұлттық деңгейде алкогольді өнімдеріне акциз салығын енгізген. Дегенмен, 22 елде шарап акцизден босатылған. Шарапты акцизден көп босатқан Еуропа елдері екен.
«Дұрыс емес тағамдарға салық салу халықтың денсаулығын жақсартады. Бұл бүкіл қоғамға оң әсер етеді: ауру мен шаршау азаяды, ал үкіметтер мемлекеттік қызметтерді көрсетуден кіріс алады. Алкогольге салықты көбейту өз кезегінде зорлық-зомбылық пен жол-көлік жарақатының алдын алуға көмектеседі», – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулықты нығайту жөніндегі директоры доктор Рудигер Креч.
Мәселен, Литва алкогольге салықты көбейткен. Нәтижесінде ішімдікке байланысты аурулардан туындайтын өлім-жітім азайған. Бұл ел алкоголь салығын 2016 жылы 234 млн еуродан 2018 жылы 323 млн еуроға дейін ұлғайтқан. Солайша алкогольге байланысты өлім 2016 жылы 100 000 адамға шаққанда 23,4-тен 2018 жылы 18,1-ге дейін азайған.
ДДҰ ұйғарымына сәйкес, алкогольді мен тәтті өнімдерге салықты көбейту бірінші кезекте осы өнімдерді тұтыну көлеміне әсер етпек. Бұл өз кезегінде компанияларды зиянды емес өнімдерді шығаруға ынталандырады. Сонымен қатар, бұл өнімдерге салынатын салық жарақат алу, қатерлі ісік, қант диабеті және жүрек аурулары сияқты жұқпалы емес аурулардың алдын алуға көмектеседі.