Жаңалықтар

Қазақстанның КСРО дәуірінде пайда болған ешқандай құпия өнертабысы жоқ – Әділет министрі

Өнертабыс
КСРО дәуірінде пайда болған өнертабыс құпиялылығының мерзімі өтіп кеткен / Фото: ашық дереккөздерден

ТМД елдері енді кеңес дәуіріндегі өнертабыстарды құпиялығын қамтамасыз етпейді. Бұл жайлы мәжіліс отырысында айтылды.

1999 жылғы 4 маусымда Өнертабыстарды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданылысын тоқтату туралы заң жобасын ратификациялауды Әділет министрі Азамат Есқараев ұсынды.

«Келісімнің мақсаты құпия өнертабыстар туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету, бұрынғы КСРО дәуірінде жасалған өнертабыстарды құпиясыздандыру тәртібін айқындайды. Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге қолданылу мерзімінің барлық кезеңдерінде жасалған құпия өнертабыстарға қорғау құжаттарын беруге бірде-бір өтініш берілмеген. Сондай-ақ құпия өнертабыстарды құпиясыдандырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген«,- деді министр.

Өз кезегінде депутат Құрманғазы Әлішев Қазақстанға тиесілі бірақ бұрынғы кеңес одағында ойлап табылған, әрі құпияланған өнертабыстың қалай құпиясыздандырылатыны туралы сұрады.

Алайда министр ол келісімде біздің елге тиесілі құпия өнертабыс жоқ екенін айтты.

«Қазақстанның бұрынғы КСРО-да пайда болған ешқандай құпия өнертабысы жоқ. Өнертабыстардың қолданылу және қорғалу мерзімі 20 жыл. Сонымен қатар өнертабыстарды қорғау мерзімі 20 жылды құрайтынын атап өткен жөн. Бүгінгі күні КСРО-да жасалған барлық өнертабыстар бойынша қорғау құжаттарының әрекет ету мерзімі өтіп кетті. Соған байлынысты құпиясыздандыру рәсімін өткізуді де талап етпейді»,- деді министр.

Құжаттың өзекті болмауы себепті Қазақстан келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға 2020 жылғы 8 желтоқсанда қол қойған. Ал ТМД Сыртқы істер министрлерінің кеңесі оның жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдап, тиісті хаттамаға 2021 жылдың 4 наурызында қол қойған. Солайша мәжіліс депутаттары бірауыздан 1999 жылғы 4 маусымда қабылданған «Өнертабыстарды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданылысын тоқтату туралы» хаттаманы ратификациялады.