Жаңалықтар

«Назарбаев қоры» корпоративті салықтан босатылған: депутат жекелеген жеңілдіктерді алып тастауды сұрады

Салық

Hyundai Trans Kazakhstan Қазақстанға салық төлемеген, бірақ Өзбекстанға көлік экспорттап, 25 миллион доллар салық төлеген / Фото: kursiv.media

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 28,5 трлн тенгені құрайды. Бұл туралы Мәжілісте депутат Әділ Жұбанов айтты.

«2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 28,5 трлн теңгені құрады. Айта кету керек, 2026 жылға қарай республикалық бюджеттің қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстары 3,5 трлн теңге болды. Бұл барлық шығыстың 14%-ын құрайды. Осы қарқынмен 2030 жылға қарай қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің 49 пайызын құрайтын болады», – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары. Мысалы, соңғы 15 жылда мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны орта есеппен 28% болса, ЖІӨ 15%-ды құраған. Жақын арада бұл жағдай реттеліп, тиісті шаралар қабылданбаса, ел бюджеті техникалық дефолтқа ұшырайды.

«Соңғы жылдары салық жеңілдіктерін пайдалану есебінен бюджет кірістері айтарлықтай азайған. 2018 жылы 5,5 трлн теңге, 2021 жылы 8,1 трлн теңге жоғалтқан. Сонымен бірге, Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында 277 салық жеңілдіктерінің бар екені айтылған. Олар бойынша шығын 2018 – 2020 жылдары 12,9 трлн теңгені құрады», – дейді депутат.

Депутат Қазақстанның қаржы секторына түсетін салық жүктемесінің деңгейі салыстырмалы түрде төмен екенін айтады. Сонымен қатар, 2010-2020 жылдар аралығындағы кезеңде банк жүйесіне мемлекеттен 6,6 трлн теңге қолдау көрсетілген. 5 жыл ішінде қазақстандық банктердің пайдасы 3 есе өскеніне қарамастан олардан түсетін салық соншалық көп емес. Мәселен банкте мүгедектігі бар адам жұмыс істейтін болса, онда мұндай ұйымдар ҚҚС төлеуде жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жеңілдіктер бюджет міндеттемелерін азайтуда түрлі манипуляцияларды жүзеге асыруға жол ашады. Бұл талаптар қабылданғалы бері ҚҚС-тен босатылған айналым көлемі 16 есеге өскен. Яғни 2018 жылы бұл сома 5,4 млрд теңге болса, 2021 жылы 86,2 млрд теңгеге дейін артқан.

Депутат салық қағидатына қайшы келетін жайттардың да бар екенін айтты.

«Салық кодексінде салық әділдігі қағидатына қайшы келетін жеке сипаттағы жеңілдіктерді көздейтін нормалар бар екенін бөлек атап өткен жөн. Мысалы, «Проблемалық несиелер қоры» АҚ және «Nazarbaev Fund» жеке қоры корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылған», – деді Жұбанов.

Сонымен бірге ол MEGA сауда орталықтары желісі, дәрі-дәрмек әкеліп, оларды жоғары бағамен сататын фармацевтикалық компаниялар мен дайын өнімді құрастырумен айналысатын Hyundai Trans Kazakhstan компаниясының ҚҚС-тен мүлде босатылғанын айтты. Hyundai Trans Kazakhstan Қазақстанға салық төлемеген, бірақ Өзбекстанға көлік экспорттап, ол елдің бюджетіне 25 миллион доллар салық құйған екен. Оның үстіне бұл компания 2015 жылдан бері мемлекеттен 160 миллиард теңгеден астам субсидия алып келген.

Жұбанов сонымен бірге экспорттушыларды ҚҚС қайтару арқылы субсидиялау тетігінің дұрыс жұмыс істемейтінін айтты. Оның айтуынша, ҚҚС қайтару шикізат экспорттаушыларды елде дайын өнім шығаратын зауыттарды салуға ынталандырмайды. Мәселен, «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ. 2005-2021 жылдар аралығында 543 миллиард теңге көлемінде ҚҚС қайтарып, бірде-бір дайын өнім зауытын салмаған.

«Бұл ретте ірі экспорттаушылар ҚҚС қайтаруға қатысты артықшылықтарға ие. Сонымен қатар, бақыланатын кәсіпорындар тәуекелдерді басқару жүйесінен жалтару, сәйкесінше салық төлеуден жалтару схемаларын белсенді түрде пайдаланады. 2017-2020 жылдар аралығында ҚҚС қайтаруға барлығы 4 трлн теңге жұмсалған. Оның 79 пайызы ірі кәсіпорындарға тиесілі», – дейді ол.

Бюджеттегі бұл олқылықтарды реттеу үшін депутат Республикалық бюджеттің алдағы жылдары техникалық дефолтқа жол бермеу мақсатында бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

«Салықтық ынталандырулардың, субсидиялар мен басқа да преференциялар берудің тиімділігін жүйелі бағалауды қамтамасыз етуді, екінші деңгейлі банктердің шығыстарын шегерімге алу тәсілдерін жетілдіруді, шикізатты экспорттаушылардан гөрі өңдеуші кәсіпорындар мен дайын өнімді өндірушілерге преференциялар, салық жеңілдіктері мен артықшылықтар беруді және Салық кодексінен жеке жеңілдіктерді білдіретін барлық нормаларды алып тастауды ұсынамыз», – деді Жұбанов.