Жаңалықтар

Еліміздің оңтүстігінде ашылатын орыс мектептерінде қазақстандық мұғалімдер сабақ береді – Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның шекаралы аудандарында орыс мектептері ашылады / Фото: shutterstock и freepik


Қазақстан шекара аймағында орналасқан өңірлерде орыс тілді мектеп ашу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты.

Оқу-ағарту министрінің орынбасары Қазақстан мен Ресей еліміздің оңтүстігінде орыс тілінде оқытатын 3 мектеп салу мәселесін талқылап жатқанын еске салып: «Мәселе пысықталуда. Бұл – қазақстандық мектеп, жұмыс беруші қазақстандық болады», – деді.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, оқушыларға ресейлік мұғалімдер де сабақ береді, алайда ұстаздардың барлығы ресейлік болмайды.

«Барлық мұғалімдер Ресей Федерациясынан болмайды. Мүмкін, тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар бағдарламалар мен жобалар аясында мектепаралық байланыс жүзеге асырылар. Құрылыс бойынша сұрақ қойдыңыз, бұл қарастырылып жатыр», – деп жауап берді тілшіге Еділ Оспан.

Оқу-ағарту вице-министрі ашылатын 3 мектептің оқытушылар құрамының негізін Қазақстанның мұғалімдері құрайтынын нақтылады.

«Бұл – қазақстандық мектеп», – деді Еділ Оспан.

9 қарашада Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Қазақстанның оңтүстігінде 3 орыс тілді мектеп салу мәселесі талқыланғанын мәлімдеген болатын.

Ол барлық деңгейдегі ынтымақтастықты жандандыру және жұмысты бірлесіп атқару үшін орыс тілі қажет екенін айтқан.

«Қазір біз тілмашсыз, мағынасы мен мәнін жоғалтпай сөйлесіп, бір-бірімізді түсініп отырмыз. Біз Қазақстандағы орыс тіліне деген қызығушылықты көріп отырмыз. Бұл мұны Үкіметаралық комиссия отырысында жан-жақты талқыладық. Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру жөніндегі бастамасы үшін алғыс білдіреміз. Құжатқа биыл 13 қазанда ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылды», – деген РФ Үкіметі төрағасының орынбасары.

9 қарашада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің оңтүстігінде салынатын орыс мектептеріне қатысты пікір білдірген. Ол жобаны Ресей қаржыландыратынын мәлімдеген.

Ғани Бейсембаев еліміздегі кез келген мектепте Қазақстанның стандарттары қатаң сақталатынын алға тартқан.

Министр еліміздің оңтүстігінде салынатын мектептер орыс тілінде білім беретінін, ата-аналардың ешқайсы балаларының көп тіл білгеніне қарсы болмайды деп ойлайтынын жариялаған.

Ғани Бейсембаев орыс тілінде сабақ беретін мектептерде Қазақстанның мұғалімдері жұмыс істейтінін, ал Ресейден маман тартуға тыйым салынбағанын түсіндірген.


«Орыс тілін тереңдетіп оқытуға ресейлік маманды шақыруға тыйым салынбаған. Басқа пәндерді, Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін өзіміздің ұстаздар оқытады. Орыс тілін француз немесе ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар секілді тілдің тасымалдаушысы үйретсе жақсы ғой. Бұл тәжірибеде бар ғой», – деген Оқу-ағарту министрі.

Ғани Бейсембаев мектептер Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына салынатынын айтқан.