Фото:kursiv.media
Көлік министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Автомобиль көлігі туралы» Заңына бірқатар түзету енгізіледі деп күтілуде. Ол жеке тұлғаларды да ресми такси тасымалдаушысы деп тануға мүмкіндік береді.
«Заңға енгізілетін жаңашылдықтарға сәйкес жергілікті атқарушы органның ресми такси тасымалдаушылары тізіліміне хабарлама берген жеке тұлғалар жолаушылар тасымалымен айналыса алады. Сондай-ақ тізілімге енген жеке тұлғаның таксиге қойылатын талаптарды сақтауын бақылау мен жауапкершлік мобильдік қосымша операторына (таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметіне) жүктеледі», – деп көрсетілген хабарламада.
Заңға енетін түзетулер ең алдымен таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ведомстводағылар қазіргі таңда таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшаларының операторлары ақпараттық-диспетчерлік қызметі ретінде белгіленгенін айтып отыр. Сондықтан олар әкімдікке хабарлама берген тек ресми такси тасымалдаушыларына, яғни ЖК немесе заңды тұлғаларға ғана қызмет көрсетуі керек.
Аталған түзетулер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды күшіне енетінін айтылып отыр. Алайда мемлекеттік органдар жоғарыда көрсетілген нормаларды 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
Айта кетерлігі, елімізде Яндекс, Индрайвер, Maxim, Апару, Таппи Такси және таксиге тапсырыс беру бойынша басқа да мобильді қосымшалар жұмыс істейтіні белгілі. Таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшаларының қызметі бәсекелестік ортада әрі Қазақстан Республикасы «Автомобиль көлігі туралы» Заңының және Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің нормаларымен регламенттеледі.
Бұған дейін Үкімет фото және видео тіркеу камералары арқылы тұрақты түрде жолаушыларды заңсыз тасымалдап жүрген жүргізушілерді анықтауды қолға алатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті Астана және Алматы қалаларында «Яндекс.Такси» жүргізушілерін ресми түрде тіркеуге тұратын пилоттық жобаны іске қосқан болатын.
Көлік министрлігі «Яндекс.Такси» комиссиясын төмендетіп, көліктерге рұқсат беру талаптарын қатайтуды қарастырып жатқаны да айтылған.