Жаңалықтар

Capital Bank акционері, кәсіпкер Орифжан Шадиевтің Ұлттық банк алдындағы қарызы қанша?

Фото: kursiv.media

Capital Bank акционері, кәсіпкер Орифжан Шадиевтің Ұлттық банк алдындағы берешегі 9,9 млрд теңгені құрайды. Бұл – 2018-2023 жылдар аралығында бұрын қайтарылған қаражатты есепке алғандағы сома. Бұл туралы Ұлттық банктің «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында жазылған.

Ұлттық Банктің хабарлауынша, Ұлттық Банк пен Орифжан Шадиев арасында жасалған бітімгершілік келісімнің күшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты 2022 жылғы 2 қыркүйекте жойғандықтан, Шадиев берешегін атқарушылық іс жүргізу аясында өтейді.

«Ұлттық Банк О.Шадиевке ұйым алдындағы берешегін қайтарту үшін барлық қажет шараны қолданатын болады, соның ішінде Қазақстан Республикасының сот органдары арқылы талап қояды», – делінген жауапта.

Шадиев Capital Bank Kazakhstan мен AsiaCredit Bank-тің иесі болған. Capital Bank Kazakhstan лицензиясын қайтарып алғаннан кейін Ұлттық банк Шодиевтің үстінен 15,75 миллиард теңге өндіруді талап етіп, сотқа жүгінген. Қазір соның 6 млрд теңгесі қайтарылған.

Бұрынғы банкир мен Ұлттық банк 2024 жылдың желтоқсанына дейін берешекті бес бөліп төлеуді көздейтін бітімгершілік келісімге келген, алайда 2022 жылы Жоғарғы сот бұл келісімді бұзды.

Жақында Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов Asia Credit Bank-тің бұрынғы басшысы Ұлттық банкке қарызын жыл соңына дейін өтейді деп мәлімдеді.

2021 жылы Орифжан Шадиев Forbes журналының «Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері» тізімінде 40-шы орынды иеленді. 2018 жылы Forbes оның байлығын $177 млн ​​деп бағалады. Forbes мәліметтері бойынша, Шадиев 2021 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша құрылыс бизнесінде активтері болған. Олар – «Integra Construction KZ» ЖШС және «PRIME System» ЖШС акцияларына ие болды. Кәсіпкер осы акциялар арқылы 2016 жылы 51 миллион еуроға сатып алынған итальяндық Todini Costruzioni Generali құрылыс компаниясына ие болған.