Жаңалықтар

Облыс әкімі «Бишімбаев ісіне» қатысы бар Қызылордадағы атышулы шыны зауыты немен айналысып жатқанына жауап берді

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың осыған дейін сотталуына себеп болған Қызылордадағы шыны зауытының қазіргі жағдайына қатысты сұраққа жауап берді.

«Шыны зауыты 2022 жылғы қазан айында пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Orda Glass Ltd шыны зауытының базасында жалпы құны 130 млрд теңгеден асатын, түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 өндіріс орны ашылады. Зауыттың жылына 197, 1 мың тонна шыны бұйымын шығаратын қуаты бар. Бүгінде зауыт 85% жүктемемен жұмыс істеп жатыр. 167 мың тонна өнім өндірілді», – деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімі өндірілген өнімнің 70%-ы ел ішінде, көршілес облыстарға сатылатынын, 30%-ы Тәжікстан, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан елдеріне экспортталатынын айтты.

«Зауыт басшылығы өндірілген өнімді Еуропаға экспорттау жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта зауыт өнімдері Еуропа елдеріне экспортталады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Қызылорда облысы әкімінің айтуынша, зауытта 400 адам жұмыс істейді.

«Жалақы жақсы, салық уақытында төленеді. Бұл зауыт облысқа да, елге де қажет. Басқа өңірлерде мұндай зауыт жоқ, сондықтан оның қызметін ереше назарда ұстап отырмыз. Үкімет басшысы зауытта болып, оны кеңейтуді тапсырды», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, 2017 жылғы қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы таяуда әйелін өлтіргені үшін қамауға алынып, тергеліп жатқан бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлады. Ол Қызылордадағы Orda Glass Ltd шыны зауытының құрылысы кезінде 1,2 млрд теңге ұрлады деген күдікке ілінді.

Заңсыз әрекет Orda Glass Ltd ЖШС мен оның мердігері «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы жүзеге асырылды. Бұл туралы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сотта прокурорлар ұсынған айыптау актісінде айтылды.