G7 елдері Ресейде өндірілетін асыл тастардың импортына тыйым салды

Жарияланды
алмаз

Ресей ең ірі алмаз өндірушісі саналады / Фото: kursiv.media

G7 елдері Ресей алмаз тастарының импортына тыйым салды. Бұл тыйым өз күшіне 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енеді.

G7 елдерінің көшбасшылары 6 желтоқсанда онлайн кездесу өткізіп, артынша ресейлік гауһар тастарды импорттауға тыйым салғаны жайлы шешімді мәлімдеген.

Бұл шешімге сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан Ресейден тікелей импортталатын гауһар тастарға тыйым салынса, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап үшінші елдерде өңделген ресейлік бағалы тастарға кезең-кезеңімен шектеулер енгізіле бастайды. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бағалы тастарды импорттайтын G7 елдері Ресей гауһар тастарының елге кірмеуін бақылау мақсатында, өңделмеген алмазға тексеріс жүргізіп, арнайы сертификаттау механизмін енгізеді.

«Біз G7 мүшелері басқа серіктестерімізбен бірлесіп, өндіруші және өңдеуші елдер арасында өңделген алмаздарды кешенді бақылау және қадағалау шаралары бойынша консультация жүргізуді жалғастырамыз», – делінген Үлкен Жетілік жариялаған хабарламада.

Бұл хабарламада G7 елдерінің Ресейден асыл тастарды әкелуге тыйым салу механизмі нақты қалай жүзеге асырылатыны айтылмаған. Әзірге Ресейде өндірілген асыл тастар Үндістанға жеткізіліп, сол жерде өңделіп, «Үндістаннан шыққан» асыл тастар ретінде АҚШ-қа экспортталады.

Ресей асыл тастардың ең ірі экспорттаушысы. Бұл ел 2021 жылы 4 миллиард долларға алмаз экспорттаған. Дүние жүзі бойынша өңделмеген алмаз саудасының шамамен 84%-ы Бельгияның Антверпеніндегі дилерлер арқылы жүзеге асырылады. Ал бағалы тастардың 90%-ы Үндістанда кесіліп, өңдеуден өтеді. 2023 жылы табиғи алмаз зергерлік бұйымдарының әлемдік нарығы 74 миллиард долларды құраған. Сол асыл тастардың ең ірі тұтынушысы G7 елдері екен. Алмаз нарығының 70%-ы осы елдерге тиесілі.

Еске сала кетсек, G7 қыркүйекте жыл соңына дейін Ресейден гауһар тастарды импорттауға тыйым салатынын мәлімдеген болатын.

Сонымен бірге Еуропалық комиссияның Ресейге қарсы санкциялардың 12-ші пакетін ұсынатыны туралы жаздық. Ондағы шектеулер Ресейдің гауһар тастар экспортына әсер ететіні айтылған болатын.  

Сондай-ақ оқыңыз