ОПЕК+: Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 82 мың баррельге қысқартады

Жарияланды
ОПЕК+
ОПЕК+ мұнай өндірісін төмендетуге келіскеніне қарамастан, мұнай бағасы арзандап кетті /Фото: kursiv.media

Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндіруді қысқартуға келісті. Бұл жөнінде 30 қарашада ОПЕК+ мүше елдердің министрлерінің кездесуінен кейін, Қазақстан энергетика министрлігі хабарлады.

Қазақстан мұнай өндірісін азайтуды 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастайды. Осы уақыттан бастап елімізде мұнай өндіру тәулігіне 82 мың баррельге қысқарады. Қазақстан 2023 жылдың сәуір айынан бастап, күніне өндіретін мұнай көлемін 78 баррельге қысқартқан болатын.

Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда мұнай көлемі тәулігіне 1468 мың баррельге дейін азаюы мүмкін. Қазіргі таңда министрлік ірі мұнай өндіруші компаниялардың акционерлерімен мұнай өндіруді қысқарту туралы келіссөздерді бастады. Әр тараппен қысқартудың қолайлы нұсқалары мен көлемі қарастырылып жатыр.

Еске сала кетсек, ОПЕК+ пен ОПЕК-ке мүше емес бірқатар елдер мұнай өндіруді тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту туралы алдын ала келісімге келген. Алайда ОПЕК-тің мұнай көлемін қысқартуға келіскеніне қарамастан, Brent және WTI маркалы мұнай бағасы құлдырап кетті. Сәрсенбідегі саудада Brent бағасы барреліне 75,63 долларға, WTI бағасы барреліне 70,74 долларға дейін төмендеді.

Жалпы Brent маркалы мұнайдың бағасы 6 шілдеден бері алғаш рет 76 доллардан төмен түскен. Ал ICE бойынша Солтүстік теңіз бенчмаркінің ақпан айындағы фьючерстерінің бағасы барреліне 75,63 долларға дейін төмендеп, 2%-ға құлдырады. Ал WTI қаңтардағы фьючерстері 2,18%-ға арзандаған.

Батыс сарапшыларының пікірінше ОПЕК+ қолдауына қарамастан, мұнай бағасының бұлайша төмендеуіне АҚШ-та мұнай өндірісінің ұлғаюы себеп. Оған қоса, Қытайдың сұранысы қандай көлемде болатыны белгісіз болып тұр. Бұл да өз кезегінде мұнай бағасына теріс әсер етіп жатыр. Оның үстіне сейсенбі күні Moody’s рейтингтік агенттігі Қытайдың A1 рейтингі бойынша болжамын «тұрақтыдан» «теріске» дейін төмендетіп тастады. Қытай статистикасы мұнай импортын қоса алғанда, өнеркәсіп секторы мен сауда бойынша апта сайынғы мәліметтерін бейсенбі күні жариялайды. Алдын-ала болжамдарда Қытайда мұнай өңдеу көлемінің төмендегені айтылған.

Кейбір Ресей сарапшылары бағалардың қолдан төмендетіліп отырғанын айтады. Олардың пікірінше қара алтынның бағасын трейдерлер өзара келісіп, жасанды түрде төмендетіп отыр. Олар бұл жерде алпауыт елдердің мүдделері тұруы мүмкін екенін алға тартады.

Сонымен бірге Қиыр Шығыстағы қақтығыстар да бұл мәселеге өз әсерін тигізуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз