Желтоқсаншыларға жыл сайын берілетін бір реттік төлем көлемі артады. Бұл жайлы мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев айтты.
«Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға біржолғы төлемді 250 мың теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Бұл жоспар бастапқыда келесі жылға қарастырылған. Бірақ Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қаржыны үнемдеу арқылы ол қаражатты желтоқсандықтарға осы жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр»,- деді ол.
Биылғы жылы бұл көмекті 702 адам алады. Аталмыш төлем 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға жыл сайын, Тәуелсіздік күні қарсаңында беріліп отырады. Оның көлемі осыған дейін 150 мың теңге көлемінде бекітілген. Жалпы Алматы қаласында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан 670 адам тұрады.