Фото: Илья Ким
Бүгінде тау бөктерінде бой түзеген үйлер мен отельдердің бағасы Альпідегіден кем емес…
Оңтүстік астананың жылжымайтын мүлік нарығында шектеулі ұсыныс пен жоғары бағаға негізделген ерекше сегмент бар, ол – тау бөктерінде бой түзеген үйлер мен отельдерден тұрады. Бұл сегменттегі кейбір лоттарды сатып алу немесе жалдау құны Швейцарияның Альпі курортындағы бағалардан еш кем емес.
Пандемия кезінде тау бөктеріне қарай жылыстап, таулы өмірдің барлық рахатын сезінген ауқатты инвесторлар Альпідегі шале атаулыдан бүгін де бас тартқысы жоқ. Штаб-пәтері Лондонда (Англия) орналасқан Knight Frank агенттігі Альпі нарығы бойынша қадағалауға алған тау бөктеріндегі жиырма шақты үйдің бағасы 2021 жылдың маусымы мен 2022 жылдың маусымы аралығында 5,8%-ға өскен. Бұл соңғы сегіз жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп түсіндіреді жылжымайтын мүлік нарығындағы агенттік мамандары.
Олардың айтуынша, жалпылай алғанда, 2022–2023 жылдары бағаның өсуі 4,4% деңгейінде баяулаған, бірақ Швейцарияның бірқатар курорттарында осы кезеңде баспана бағасы бірден 15,7%-ға шарықтап өскен (алдыңғы маусымда көш басындағы ғимараттардың бағасы 14%-ға өскен-ді). Бұл тұрғыдағы үйлерді жалға беруден түсетін кірістің өсуіне, курорттарды кез келген маусымға лайықтап дамыту жоладыр септік етуде. Мысалға, мұнда жаз айларында өткізілген фестивальдар мен таза ауда ұйымдастырылған басқа да шараларға келушілер саны – қысқы демалысты қалайтын дәстүрлі туристерден асып та түскен.
Әрине, біз тау бөктеріндегі отандық шипажайларды Еуропаның ең қалаулы демалыс орындарымен салыстыруды мүдде тұтпаймыз – қалай дегенмен, бұл нарық бізде әлі де дұрыс дами қойған жоқ. Дегенмен Алатаудың бөктерінде орналасқан жекелеген үйлер мен ғимараттардың бағасы бүгінде еуропалық бағаларға жақындап қалғанын да жоққа шығара алмаймыз.
Инстаграмдық орындар
Шымбұлақ тау-шаңғылық шипажайына жақын орналасқан Nero Bianca Chalet гестхаусының (ағылш: guest hous) басқарушылары өз шақыруында – Алматыда жүріп «Швейцарияның атмосферасына енуді» ұсынады. Байқауымызша, тау баурайындағы бұл үйлердің бағасы да «швейцариялық» деңгейде. Үш жатын бөлмесі, террасасы, бассейні мен саунасы ескерілген шаледе желтоқсан айында түнеп шығу үшін қонақтар 800 мың теңге немесе 1,6 мың еуро төлеуі керек. Айтпақшы, booking.com мәліметінше, Швейцарияның Гштаад курортында дәстүрлі шале түрінде жасалған төрт жұлдызды Arc-en-ciel отеліндегі суперлюкс бағасы дәл осындай (мұнда тауға көтергіш құрылғы да отельден жүз метрдей жерде орналасқан). Knight Frank ақпаратынша, бұл курорт Альпідегі ең қымбат жылжымайтын мүліктер рейтингінде екі жыл қатарынан көш басында тұр.
Ал Алматы тауларындағы Nero және Bianca коттедждері биыл осымен екінші жыл қатарынан қыс мезгілінде жұмысқа кірісуде. Олар Шымбұлақтағы тауға көтергіштен екі жүз шақырымдай жерде, Тұйықсу альпинистер лагеріне апаратын жолдың бойында орналасқан. Таудағы бұл екі шалеге деген сұраныс қалыптасып та қалған, әсіресе, жаңа жылды қарсы алуға сұраныс жоғары – қазірдің өзінде мұнда 9 қаңтарға дейін бірде-бір бос орын қалмаған. Биыл Verde атты үшінші коттедж іске қосылмақ.
Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерге көңіл бөлсек, бұл коттедждер көбінесе қыз ұзату алдындағы қыздардың басқосу кеші мен туған күн мейрамын ұйымдастыру үшін, үйлену тойы алдындағы фотоссесия және инстаграмдық өзге де шаралар үшін жалға берілетін көрінеді. «Nero Bianca Chale коттедждері – фото- және бейнеконтентті қалайтындар үшін таптырмас мүмкіндік. Мұнда сіздің суреттеріңіз бен бейнероликтеріңіз үшін тамаша фон болатын әдемі локациялар өте көп», – деп көрсетілген гестхаустың Instagram парақшасында. Соған қарағанда бұл шале тау шаңғысымен, сноубордпен шұғылданатындарды аса қызықтыра қоймаса керек, яғни олар бұл орынның мақсатты аудиториясына жатпайды, сірә.
Шымбұлақ шипажайындағы «инстаграмдық мүлік» сипатындағы объектілер бұл үшеуімен шектелмейді. 2020 жылдың желтоқсанында Шымбұлақтың ең биік тұсында, яғни теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте Tenir Eco Hotel ашылды. «Ski-in, ski-out» экологиялық отелі – аталған мекеменің өз дерегінше, әлем бойынша тау бөктеріндегі ең биікте орналасқан топ-10 отель рейтингіне кіреді. Бұл отель өзін жастардың кездесіп, сөз берісуі, неке туралы келісуі сынды ретрит (ағылш: retreat) шаралар мен үйлену тойын өткізуге қолайлы «тау қыраттарына ұласқан шексіз пейзаждар мен сәнді ормандардан» тұратын орын деп танылады. Сол сияқты, бұл ара кәсіби фотоссесиялар ұйымдастырып, желідегі парақшалар үшін «эстетикалық reels» жасауға да ыңғайлы деп көрсетеді отель өкілдері.
Желтоқсан айында экологиялық санаттағы осы үйлерде түнеп шығу үшін екі адамның шығыны – таңғы ас, фин саунасын және шаңғы жабдықтарына арналған локерді (шкаф) қосқанда 249,8 мың теңгені құрайды (шамамен 500 евро). Ал Жаңа жылды таудың «ең биік шыңында» қарсы алам десеңіз, бұл ептеп қымбаттау: екі адам үшін 269,8 мың теңге (арнайы бағдарлама ескерілмеген, тек түнеп шығу және таңғы ас қана). Айтпақшы, желтоқсан айында Швейцарияның Шампери курортында дәл осындай бағаға тау көрінісі есепке алынған пентхаус жалдауға болады.
Әлемдік деңгейдегі курорттармен салыстырарлық шале не экологиялық үйлерде қонып шығу бағасының Алматы тауларында осыншама қымбат болуының бір себебі Шымбұлақтағы демалыс орындарының тапшылығымен түсіндіріледі. Күніне 12 мың адамды қабылдау мүмкіндігі бар тау бөктеріндегі отельде бар болғаны елу шақты орын ұсынылған. Қонақ бөлмелерінің жетіспеушілігін отандық шипажай бүгінде қала ішіндегі отельдермен серіктесік негізінде шешіп отыр.
Ағаштың басындағы ағаш үй
Алматыдағы тау кластеріне енетін тағы бір танымал шипажай Oi Qaragai десек, мұнда қонақтарды орналастыру мәселесі бойынша айтарлықтай қиындық жоқ әрі бағалар да біршама қарапайым. Бұл шипажайда шамамен 200 адамды қамту мүмкіндігі бар жүз шақты номер бар, оның ішінде VIP-шаледен бастап, киіз үйлер мен хостелдегі сегіз орындық номерлер, тіпті ағаштың басына жайғасқан ағаш үйлер де ұсынылады. Даму жоспарына сай бұл шипажай 2025 жылға қарай қонақ орындарының санын төрт есе ұлғайтуды мақсат етеді, яғни мұндағы отельдер бір уақытта 900 мыңдай адам қабылдап, күте алады деген сөз.
Қазір Oi-Qaragai Mountain Resort шипажайындағы отельдерде орналасу бағасы бір түнге 50 мың теңгеден бастап (сегіз адамға арналған хостел), 550 мың теңгеге дейін жетеді (15 адамдық VIP-шале). Зәулім қарағайдың діңіне бекітілген екі адамдық ағаш үйдің бағасы –желтоқсандағы демалыс күндері, тәулігіне 75 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды.
Өз кезегінде «Курсив» Oi-Qaragai шипажайынан 5 км қашықтықта орналасқан баспаналардың бірін жалға алмақ болып, меншік иелеріне хабарласқан еді, балама ұсыныстар табылмады. Бірақ Oi-Qaragai төңірегінде және тау бөктеріндегі өзге де шипажайлар арасында саудаға шығарылған үйлер де жоқ емес.
Альпі ауылынан үй алғыңыз келе ме?
«Лесная сказка» қонақ үйінен 500 метр қашықтықта (Oi Qaragai шипажайының бір бөлігі) 8 га жер телімінде орналасқан қарапайым ғана нысан иесі бұл үйді әлеуетті сатып алушыларға бизнес ретінде пайдалануды ұсынып отыр: онда «қонақ үй ашуға болады», дейді ол. Газбен жылытатын үйдің маңайында бақшасы, өз септигі бар, содан да болса керек, меншік иесі 330 «шаршы метр» шипажайлық жылжымайтын мүлікті 400 млн теңгеге бағалапты (шаршы метріне 2,4 мың еуродан келеді).
Осы төңіректегі бағаға – шаршы метрі 2,5 мың еуро – Алматынының таудағы шипажайлар кластерінің бірі «Табағаннан» қол созым жерде де жылжымайтын мүлік сатып алуға болады. Бөренеден тұрғызылған үй Бесқайнардың ең биік тұсында орналасқан, ішінде жиһазы, тұрмыс техникасы, террасасы мен бассейні де ескерілген, үйдің алдында көгал да бар – сатушы бұл үйді «жалға беруге болады» деп қосады.
Ал Шымбұлақтан екі километр қашықтықта Тұйықсуға апарар жолдың бойында құрылысы аяқталмаған бірнеше шале көзге түседі, олар осыдан он жылдай бұрын салынып басталса керек. Жоба бойынша әр үйдің жертөле қабатында хамам және сауна, ал бірінші қабаттта – камині бар қонақ бөлмесі және мансардада үш-төрт жатын бөлмесі қарастырылған. Альпі ауылы туристік бизнеске негізделеді деп көзделді, бұл жобаның құрылысына сол тұста Альпинизм және жартасқа өрмелеу федерациясының президенті Қазбек Валиев жетекшілік еткен-ді. Алайда жоба сол қалпы аяқсыз қалды. Қазір бұл үйлер аяқталмаған, әрленбеген күйінде саудаға шығарылып, 250 млн теңгеге бағалануда (шаршы метрі үшін 1,4 мың еуро).
Негізі, Шымбұлақ шипажайы маңындағы нысандар бұдан да қымбат. Мысалға, Шымбұлақтың базалық станциясына жақын жерде, тауға көтеретін аспалы жолдың астын ала орналасқан үйдің бірі 880 млн теңгеге сатылады деп көрсетілген (1,8 млн еуро немесе шаршы метріне 5,4 мың еуро деген сөз). Саудаға шығарылған осы лотты сипаттай келе, сатушы оның эксклюзивтілігіне мән береді – таза ауа аясында, тау шатқалында орналасқан бірегей орында «тас джунглиден» тынығып, демалуға болатын «тәуелсіздік атмосферасын» алға тартады. Өз кезегінде «Курсив» тәуелсіз риелторларға хабарласып, сол маңдағы үйлерді бағалап беруді сұраған болатын. «Бұл ескі үйлер, олардың дизайны да, пайдалану мерзімі де ескіріп кетті. Бұл үйлерді қайтадан қалыпқа келтіруге тура келеді»,– дейді олар.
Алма ағашы мен сәйгүлікті де қосып бермек…
«Альпіге сай көріністі» саудаға салғандардың арасында жеке тұлғалар ғана емес, құрылыс компаниялары да бар. Monte Mela тұрғын үй кешені таудың жоғары бөктерінде салынады деп жоспарланған. Бұл кешен «Ақбұлақ» тау шаңғысы шипажайынан бес минуттық жерде, жүзімдіктер мен бау-бақшаның арасында, таудың баурайында» салынбақ екен. Тұрғын үй кешенінің инфрақұрылысында – SPA, бассейн, фитнес, теннис корты, футбол алаңы, кофейня, мейрамхана, кинотеатр, бала бақша, мектеп, минимаркет және көкөніс бутигі болады деп уәде етеді құрылыс компаниясы.
Элиталық апартаменттің мәлім етілген бағасы – шаршы метріне 1,6 млн теңге (3,2 мың еуро). Жоба иесі, тіпті, резиденттердің алғашқы ондығы үшін бағаны үш есе арзандатуға да дайын – шаршы метріне бар 525 мың теңгеге (1 мың еуро) дейін. Мұндай бағаға тұрғындар үшін «элиталық аудандағы бірінші дәрежелі пәтерлердегі» тұрғын үй алаңдары ғана емес, әр пәтер үшін бөлек терраса да уәде етілген, сондай-ақ тұрғын үй кешені аумағындағы алма бағында өсетін алма ағаштар да «әр резидентке сыйға тартылмақ» екен. Сол сияқты, жоба авторлары: «Monte Mela кешенін таңдай отырып, өзіңізге сәйгүлік сатып ала аласыз, атқа мініп серуендеу рахатына ие боласыз» деп қосады, сірә, кешен төңірегінде орналасқан ат спорты орталықтарын меңзесе керек.
Милиардқа бағаланған шале
Іле Алатауы баурайындағы саудаға шығарылған ең қымбат «Альпі шалесі» Шымбұлақтың базалық станциясы маңында, шипажайдың шығыс жағынан аққан өзен жағасына жақын орналасқан. 300 «шаршы» аумақтағы барнхаус (ағылш: barn house) стиліндегі үй 2022 жылы салынған, толық жасақталған, панорамалық терезелер орнатылған. Үйдің бағасы 1,2 млрд теңге немесе 2,4 млн еуро (шаршы метріне 8 мың еуродан келеді). «Пішін және құрылым дизайны толығымен жаңартылған минималистік сипаттағы заманауи архитектура. Басты ерекшелігі – бұрынғы стильдерден мүлдем бас тартқан. Бұл арада сәнді де рационалды конструкция, көптеген жаңа материалдар, функционалды детальдар ескерілген. Нысанда бірде-бір декор жоқ, мұнда тек байсалды формалар қолданылған», – деп сипаттайды бұл лотты дизайнер Екатерина Гришина. «Бұл үйді сатып алу арқылы сіз қаланың дәл ортасынан 30 минуттық жерде орналасқан әлемдегі ең мықты тау шаңғысы курорттарының бірінде өзіңіздің Альпі шалеңізді сатып аласыз», – деп сендіреді бұл үйді саудаға шығарған сатушы.
Барнхаус бағасы шынында да Альпі курорттарындағы премиум санатындағы үйлердің бағасынан еш кем емес. Knight Frank мәліметінше, Швейцарияның Шампери курортындағы (Альпідегі ең қымбат топ-25 курорттың қатарына кіреді ) шаршы метрдің орташа бағасы 2020 жылы дәл осындай болған. Бүгінгі таңда мұндай шаленің бағасы 9,3 – 9,8 мың еуроға дейін қымбаттаған, яғни Алатаудың бөктеріндегі ғимараттардың «шаршысынан» 15–20% жоғары деген сөз.