Жаңалықтар

Павлодар облысының экс- әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Павлодар қаласы №2 соты хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, облыс прокурорының орынбасары сотқа жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты Павлодар облысының бұрынғы әкіміне қатысты іс бойынша өндірісті қайта бастау туралы өтінішхатпен жүгінген.

Павлодар қаласының №2 сотының 2020 жылдың 27 мамырындағы үкімімен Павлодар облысының бұрынғы әкімі Бақауовтың қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша қосымша есептелген салықтарды азайту мақсатында лауазымдық өкілетін асыра пайдаланғаны үшін сотталған.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеушісінің 2022 жылдың 22 қазанындағы қаулысымен сот үкімін шығарғаннан кейін, мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің салықты қате есептегені белгілі болған. Сараптама қорытындысына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ЖШС-ның салықты төлемеуі туралы іс тоқтатылды.

Тергеушінің істі тоқтатуына байланысты қосымша салықты есептеу туралы хабарламаның күші жойылды. Осылайша, мемлекет мүддесіне айтарлықтай зиян келтірілмеген. Бұл мән-жай үкім шығару кезінде сотқа белгісіз болған.

Соған байланысты сот прокурордың өтінішімен келісіп, Қылмыстық-процестік кодекстің 505-бабының негізінде сот үкімінің күшін жойды. Қылмыстық іс әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты тоқтатылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2020 жылдың мамырында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жиенінің салық төлеуден жалтарған фирмасының қаржылық мүдделерін қолдауға байланысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталды.

Бұрынғы әкім кінәні толық мойындады және лауазымын асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.