Kaspersky зерттеуі: 2023 жылы қазақстандықтардың үштен бір бөлігіне телефон алаяқтары хабарласқан

Жарияланды (жаңартылды )
алаяқтық
Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтық 23,2%-дан 42%-ға дейін өскен /Фото: kursiv.media

2023 жылы Қазақстандағы қолданушылардың үштен біріне жуығы телефон алаяқтығына тап болған. Бұл жайлы Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы Kaspersky зертханасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Kaspersky Who Calls» мәліметтері бойынша, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында спам-қоңыраулар алған Қазақстандағы пайдаланушылардың үлесі 76,2%-ды құраған. Сонымен бірге, шамамен үштен бірі яғни 30,3%-ы алаяқтарға тап болған, – делінген компания хабарламасында.

Kaspersky зертханасының хабарлауынша, жыл өткен сайын мұндай қоңыраулардың саны артып келеді. Егер осы жылдың бірінші жартыжылдығында 74,7%-ы спамға тап болса, екінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 85,8%-ға жеткен. Жыл аяғына қарай алаяқтар белсінді бола бастаған. Олар қоңырау шалған пайдаланушылар үлесі 23,2%-дан 42%-ға дейін өскен.

«Биыл банк қызметкерлерінің атынан жиі қоңырау шалынған. Бұл – ең танымал схемалардың бірі. Ол схема бойынша пайдаланушыға есепшоттағы күдікті әрекет туралы хабарлайды. Әңгімелесу кезінде шабуылдаушылар оның банк картасының деректемелерін, парольдерін, PIN-кодтарын және басқа да ақпаратты алуға тырысады. Сондай-ақ олар ақшаны сейфтік шотқа аударуды сұрауы мүмкін», – делінген хабарламада.

Зертхана сарапшылары алаяқтардың дәлелденген схемаларды пайдаланатынын айтады. Олардың алаяқтық айласының ішінде құқық қорғау қызметкерлері ретінде хабарласатын қоңыраулар да бар. Шабуыл жасаушылар, ондайда адамды тергеумен айналысып, әңгіме барысында оның жеке ақпаратын немесе банк картасының деректемелеріне қол жеткізеді.

Сонымен бірге танымал алаяқтық айлалар ішінде – жүлде ұтып алу схемасы да бар. Бұл схемаға сәйкес пайдаланушыларға автокөлік алғаны туралы хабарланады. Содан кейін олар өз деректерін енгізуді талап ететін фишинг сайтына бағытталады. Нәтижесінде олардың деректері қылмыскерлердің қолына түседі. Сондай-ақ алаяқтар жүлдені өңдеу үшін пайдаланушылардан шағын комиссия төлеуді сұрауы да мүмкін.

Кейде жарнама сайттарынан да қоңыраулар келіп жатады. Өзін қандай да бір заңды ұйымның қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар тауарын сатып алатынын айтып, ақшаны картаға аударатынын айтады. Содан кейін ол жалған веб-сайтқа сілтеме жіберіп, толтыруды сұрайды. Банк картасының деректемелері шоттағы ақшаны ұрлау үшін пайдаланылуы мүмкін.

«Телефондық алаяқтық тек Қазақстанда емес, сонымен бірге басқа елдерде де негізгі киберқауіптердің бірі болып қала береді. Мұндай жағдайлардың көбеюі шабуылдаушылар схемаларының әлі де тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Олардың арбауына алданып жатқандар әлі де көп. Алаяқтар енді алаяқтық мақсатта мессенджерлер арқылы қоңырау шала бастаған. Айта кететін жайт, шабуылдаушылар өздерінің схемаларын күн тәртібіне бейімдей алады. Мысалы, жаңа жыл мерекесіне байланысты да түрлі алаяқтық әрекеттер жасалуы мүмкін. Сондықтан жыл соңында пайдаланушылар бұдан да қырағы болуы керек», – деп ескертеді Касперский зертханасының Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов.

Деректер 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында Kaspersky Who Calls қолданбасының дерекқорына күдікті нөмірлерді өз бетінше қосқан пайдаланушылардың анонимді шолулары негізінде дайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз