Мемлекеттік банк қазақстандықтарға «7-20-25» ипотекасының балама нұсқасын ұсынды
Мемлекеттік банк қазақстандықтарға «7-20-25» ипотекасының балама нұсқасын ұсынды. Жаңа бағдарлама пәтердің бағасын іргетасы қаланған кезде шартты түрде бекітуге мүмкіндік береді. Бағдарлама шарттары бойынша бастапқы жарна 20 пайыз. Бұл туралы елордада өткен «Жер қатынастарын цифрлық трансформациялау» тақырыбындағы брифингте «Отбасы банкінің» өкілі Гүлмира Датқаева мәлім етті.
Осы ретте kursiv.kz тілшісі қаржы институтына арнайы сауал жолдап, аталған жоба туралы толығырақ ақпарат беруді сұрады. Банктің баспасөз қызметі бұл жоба әзірлену үстінде, тиісті есептеулер жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Бұл ретте банк қазақстандықтарға несие берудің басқа да нұсқаларын қарастыруда. «9-20-25» – болашақта жүзеге асуы мүмкін тұрғын үй бағдарламасының нұсқасы. Бұл жоба әзірлену үстінде. Банк мамандары тиісті есептеулер жасап, шарттарды талдауда. Жоба мақұлданған кезде Отбасы банк қазақстандықтарды қосымша хабарландырып, толық ақпарат ұсынады», – деп жазылған «Отбасы банкінің» баспасөз қызметі берген ресми жауабында.
Демек, банк өкілі айтқан ақпарат осы уақытқа дейін айтылған «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасына қатысты болса керек.
Бұдан бұрын аталған бағдарлама туралы «Отбасы банкінің» төрағасы Ләззат Ибрагимова айтқан болатын. 16 қараша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2024 жылы «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасына қатысу шарты әзірлетінін мәлімдеген.
«Бағдарлама әлі басталмаған, ешқандай лимиті де жоқ. Бағдарлама біздің жоспарымыз, есептеп жатырмыз. Бізге жас отбасылардан «кезекке тұра алмаймыз, 4 баламыз жоқ, арнайы бағдарлама жасап беріңіздер» деген сынды өтініш көп келеді. Сол жоспарымызға қатысты ақпарат Интернетке тарап кетіпті. Ол бағдарлама болса, 2024 жылы ресми ақпаратын береміз», – деген еді ол баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол аталған бағдарламаның жан-жақты шарттары мен тетіктері келер жылы ғана белгілі болатындығын, қаржы нарықтан тартылатынын атап өткен.
Айта кететіні, «Отбасы Банк» қазақстандықтарға қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға көмектесетін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асырады. Жыл басынан бері банк 52 672 қазақстандық отбасына қоныс тойын тойлауға көмектесті. Тағы 2,7 млн қазақстандық болашақта пәтер немесе үй сатып алу мақсатымен банк депозиттерінде ақша жинап жатыр.
«Отбасы банкінде» салымға қаражат жинай отырып, салымшылар болашақта қолжетімді заем рәсімдеп, коммерциялық нарықтан баспана сатып ала алады. Сондай-ақ, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында банк жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрғандарға жеңілдетілген шарттармен баспана алуға көмектесуде.
Аймақтық бағдарламалар аясында банк 35 жасқа дейінгі жас азаматтарға тұрғын үй сатып алуға қолдау көрсетеді. Биылдан бастап банк «Дипломмен ауылға» бағдарламасының операторы атанды. Оның аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округ әкімдерінің мемлекеттік қызметкерлерінің (әкімдер мен олардың орынбасарларын қоспағанда) өздері жұмыс істейтін ауылдардан жеке үй сатып алуларына мүмкіндіктері бар», – деп жазылған Банктің баспасөз қызметі берген ресми жауабында.
Еске сала кетсек, биылғы жылы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына жылдық 100 млрд теңге көлемінде арнайы лимит белгіленді.
Алайда халықтың сұранысы бұл сомадан асып түсті. Бұған бантерге түскен өтініштер мен ай сайын құжат қабылдау басталғанда қаржы ұйымдарының алдында түзілетін кезектер дәлел. 2018 жылы басталған жоба қазақстандықтар үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері ұсынуға негізделген. 2021 жылдың 19 мамырында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру аяқталғанын мәлімдеген еді. Бірақ кейін жоба жалғасын тапты.