Бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат ашық жарияланатын карта құрылады
Фото: kursiv.media
Қазақстанда жер ресурстарының ашықтығын қамтамасыз ететін Жария кадастрлық карта құрылады. Енді бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат ашық болып және оны жария картадан таңдауға болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
Бұл ашық ресурс жер учаскелерін бөлу процесін жалпы бақылау құралы ретінде қызмет ететін болады. Онда бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, инженерлік желілер, рәсімделген жер учаскелері және басқа да ақпарат жарияланады.
Мусиннің айтуынша, бұл ақпараттар бүгінгі күнге дейін жабық болып келген, оған қоса бұл деректерге негізделген шешімдер де күмән тудырады.
«Қазіргі таңда әкімдіктер қала регламенттерін электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Өңірлердің қолданыстағы бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспраларының 75%-ын пысықтау және 13%-ын толық түзету талап етіледі.Негізгі мақсат – жер ресурстары туралы ақпаратқа қол жетімділікті ашу», – деді министр.
Бұңан дейін министрлік Бірыңғай мемлекеттік ылжымайтын мүлік кадастрын енгізген. Бұл база – құқықтық және жер кадастрының деректерін біріктіреді.
Соның нәтижесінде мемлекеттік акт пен техникалық паспорттың орнына бір құжат – жылжымайтын мүліктің кадастрлық паспорты беріледі. Бұл жер мен ондағы құрылыстың әр түрлі адамға рәсімделуінің алдын алады.
«Жаңа тәсілдерге сәйкес, жер учаскелерін берудің барлық процесі – өтініштен бастап тіркеуге дейін электронды форматқа көшірілді. Бос жер учаскелерін онлайн таңдау мүмкіндігі ұйымдастырылды», – деді министр.