ҚНРДА тұтынушылық несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 42% деңгейінде бекітуді ұсынып отыр
Фото: kursiv.media
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылдан бері өзгермегенін айтады. 20 қазанда Парламент қабырғасында халықтың несиеге бату мәселесі талқыланған кезде, Мәжіліс депутаттары тұтынушылық несие бойынша ЖТСМ шекті мөлшерін 42 пайыз етіп заңмен бекітуді ұсынған. Бұған дейін ҚНРДА оны тек 44 пайызға дейін қысқарту мәселесін көтерген еді.
«2023 жыл 20 қазанда өткен «Халықтың борыштық жүктемесін азайту шаралары туралы» Парламет тыңдауы корытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары тұтынушылық несие бойынша ЖСТМ шекті мөлшерін заңмен 42 пайыз деңгейінде бекіту ұсынылды»,– делінген агенттіктің «Курсив» сауалына берген ресми жауабында.
Тұтынушылық несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеменің шекті мөлшері 2012 жылы 56 пайыз деп белгіленіп, содан бері өзгермеген. Несие мөлшерлемесін реттеуді қатаңдату үшін ҚНРД тұтынушылық несие ЖТСМ-нің шекті мөлшерін есептеу әдіснамасын жасаған.
Агенттік жауабына сәйкес, ЖТСМ есебі нарықтағы негізгі 4 фактор: қорландыру құны, тәуекел сыйақысы, маржа көлемі мен банктің операциялық шығынына байланысты есептеледі. Осы әдіснамаға сүйене отырып, жыл басында агенттік ЖСТМ шекті мөлшерлемесін қайта есептеп шығарған.
ҚНРДА ұсынысы қоғамдық талқы аясында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және екінші деңгейлі банк өкілдерімен бірнеше рет тақыланған. Агенттік нарық өкілдері айтқан ұсыныстардың басым бөлігі ескерілді деп отыр.
Қаржы нарығының кейбір өкілдері біраз уақыт бұрын ЖТСМ мөлшерін 56-дан 40 пайызға дейін түсіру туралы ұсыныс айтқан болатын.
Қазіргі кезде Қазақстандағы жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды.
Осы 18,1 трлн теңге несиенің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиеге тиесілі. Ал микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздардың 48%-ын коллекторлық компанияларға сатып жіберген. 2022 жылғы тамыздан бері проблемалық қарызды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған.
ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы 3 жылда өсім байқалған.
«Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – деді М. Әбілқасымова.
Соның ішінде проблемалық қарыз деңгейі де өсіп, бұл көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асқан.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін ақырындап төмендету қажет деп мәлімдеген.
«Бізге шекті мөлшерлемені төмендету бойынша жұмыс істеу керек, өйткені 56% – бұл өте жоғары мөлшерлеме. Қазір бізде тұтынушылық несие нарығында бәсекелестік жоғары, банктер бір-бірімен жақсы бәсекелеседі. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары да бар. Банктер арасындағы бәсекелестік, мөлшерлемелерді төмендетуге алып келуі тиіс. Жалпы алғанда, тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлеме ақырындап төмендеуі тиіс деп санаймын», – деді Сүлейменов.