2024 жылы Қазақстан бірыңғай стандартты уақытқа өтеді: батыс өңірінен өзге аумақтар 1 сағат артқа жылжытады

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы

Қазақстан бірыңғай уақытқа қашан көшеді/pixabay

Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу жобасын дайындады.

Өзгерістер енгізу жобасы «Ашық НҚА» порталында 2023 жылдың 22 желтоқсанына дейін ашық талқыланады.

Ұсынылып отырған жобаға сәйкес,  Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 01 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады.

Осылайша Қазақстанның бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда екі уақыт белдеуі UTC+5 және UTC+6 жұмыс істейді. Батыс өңірлерді қоспағанда, еліміздің көп бөлігі UTC+6 уақыт аймағына бағынады.

Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерделеу үшін Сауда және интеграция министрлігі жанынан құрамында 60-тан астам мүшесі бар  жұмыс тобы құрылды, оның ішінде депутаттар, көптеген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ғылыми институттардың, медициналық университеттердің өкілдері және қоғам белсенділері бар.

Ғалымдардың пікірінше, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ырғақтар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынды. Осылайша, Қазақстанның барлық аумағы бойынша бірыңғай стандартты уақыт белгіленетін болады.

Жұмыс тобының нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасындағы уақытты есептеуді зерттеудің негізгі нәтижелері»  туралы есеп беріліп, онда сағат белдеулерін реттеу немесе олардың күн (табиғи) уақытымен синхронизациясы халықтың денсаулығына айтарлықтай әсер ететінін атап өтілді.  

1 желтоқсанында есеп бекітіліп, Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды. Осының негізінде «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына тиісті түзетулер әзірленді.

Сондай-ақ оқыңыз