«Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ бір жыл жүргізген зерттеудің қорытындысын шығарып, «еліміздегі үлестік құрылысқа қатысы бар тұрғын үйлердің 68%-ы заңсыз салынған» деп мәлімдеді. Сонымен қатар үлестік құрылысқа қатысты заңсыз келісімдердің басым бөлігі Қарағандыда жасалатынын жариялады.
«Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарушы төрағасының орынбасары Алтай Күздібаев 20 қаладағы 586 үлестік құрылысты тексерген кезде заңға қайшы әрекет анықталғанын айтты.
«Біз кең тараған «жұмбақ сатып алушы» әдісін қолдандық. Зерттеу барысында 3 тәсіл жүзеге асырылды. Бірінші, сауда кеңселеріне барып, бетпе-бет кездесу. Екінші, телефон арқылы сөйлесу. Үшінші, мессенджер арқылы қашықтан байланыс орнату және электронды хабарламамен сұраныс жіберу», – деді Алтай Күздібаев.
Төрағаның орынбасары зерттеу нәтижесі еліміздегі үлестік құрылысқа қатысы бар тұрғын үйлердің 68% -ы заңсыз салынғанын дәлелдегенін баяндады.
«586 нысанның 400-ге жуығы заңды белден басып отыр. Өкінішке қарай, ел азаматтарының қаржысы үлестік құрылысқа заңсыз тартылып жатыр. Біз үлестік құрылысқа ақша тартушыларға олардың екінші деңгейлі банктен айырмашылығы жоқ екенін түсіндіреміз. Өкініштісі, құрылыс саласының өкілдері ашық болудан жалтарады. Біз аудиторлық тексеріске, халықаралық стандарттардың талабына сай болуға белгілі бір көлемде әкімшілік шығын қажет екенін білеміз. Алайда бізге мәселені шешу үшін ортақ ереже әзірлеу қажет», – деді Алтай Күздібаев.
«Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ өкілі еліміздің 9 өңірінде үлестік құрылысқа қатысты мәселе ушығып тұрғанын мәлімдеді.
«Үлестік құрылысқа қатысты заңсыз келісімдердің басым бөлігі Қарағандыда жасалады», – деді ол.
Алтай Күздібаевтың айтуынша, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында үлестік құрылысқа қатысты дау-дамай айтарлықтай азайған.
Төрағаның орынбасары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес, үлескерлерден қаражат тартудың 3 заңды жолы бар екеніне назар аударды.
«Біріншісі, әкімдіктің құрылыс компаниясына тұрғын үй құрылысын бастауға рұқсат беруі. Екіншісі, екінші деңгейлі банк тартылған кезде әкімдіктің рұқсат беруі. Үшіншісі «Қазақстан Тұрғын үй компаниясының» кепілдігі. Бұл тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың 3 заңды жолы. Тұрғын үй сатып алған азаматтар Qazreestr.kz тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне тіркеліп, үлестік қатысу шартын жасайды. Бұдан тыс жасалған рәсімнің барлығы заңсыз», – деді Алтай Күздібаев.
Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысы басталған кезде қаржы құюдың тәуекелі зор.
«Біз азаматтарға құрылыс компаниялары тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу талабын сақтап отыр ма, үлестік құрылысқа ақшаны заң аясында тартып жатыр ма деген сұрақтарға жауап алу қажеттігін үнемі айтамыз. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін заңгердің көмегіне жүгіну қажет. Бұл келісім жасалғанға дейін атқарылуға тиісті іс. Келісім жасалып қойғаннан кейін заңгерге жүгіну дұрыс емес. Азаматтарға жылжымайтын мүлік алардың алдында заң нормаларымен танысу керек», – деп қорытты сөзін «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарушы төрағасының орынбасары.