ArcelorMittal Temirtau-ға «Қармет» атауы қайтарылуы мүмкін: Қанат Шарлапаев жаңа акционердің не үшін таңдалғанын түсіндірді
ArcelorMittal Temirtau компаниясының атауы өзгере ме/kursiv.media
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының атауын, келіссөздің неге ұзаққа созылғанына және жаңа инвестор қандай міндеттеме алғанына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Қанат Шарлапаев жаңа инвестор ArcelorMittal Temirtau-ға «Қармет» деген тарихи атауын қайтаруы мүмкін екені туралы болжам жасады.
«Жаңа инвестордың шешімін күту керек. Біздің көзқарасымыз бойынша, «Қармет» тарихи атауын қайтару дұрыс болатын еді. Жұмысшылар мен облыс тұрғындары бізді қолдайды деп ойлаймын», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Қанат Шарлапаев келіссөздің ұзаққа созылуына, яғни 30 қарашада аяқталмауына әсер еткен факторға тоқталды.
«Қол қою 7 желтоқсанда өтті. Кеше түстен кейін барлық есеп-қисап жасалып, акцияларды беру толық аяқталды. Бұл мәселені барлығымыз талқыладық, үлкен транзакция, үлкен актив қаралды. 7 күн кешіктік. Мұндай жағдайда заң бойынша атқарылуға тиіс жұмыстарды ескерсек, түсінікті жағдай. Сонымен қатар кәсіпорынның одан әрі жұмыс істеу шарттары пысықталып, ArcelorMittal Temirtau компаниясынан «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына бөлінетін қаржының мөлшеріне қатысты ұзақ келіссөз жүргізілді. Менің ойымша, транзакцияның көлемін, келіссөздің нәтижесін ескерсек, 7 күндік кешігуге жол беруге болады», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Қанат Шарлапаев жаңа инвестор қандай міндеттеме алды деген сауалға да түсініктеме берді.
«Жаңа инвестормен жасалған инвестициялық келісімде тікелей ArcelorMittal Temirtau кәсіпорнын инвестициялау бойынша міндеттеме бар. Бірқатар әлеуметтік міндеттемелер қарастырылды. Бұл жұмыс Қарағанды облысының басшылығымен және Теміртау қалалық әкімшілігімен бірлесіп жүргізілді. ArcelorMittal Temirtau қызметкерлері мен жеткізушілері алдындағы барлық міндеттемелер толық көлемде орындалады. Біз кәсіпорын қызметін жұмысшылар алдындағы әлеуметтік міндеттемесін өзгертпейтіндей деңгейде қолдаймыз», – деді журналистерге Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Қанат Шарлапаев инвестор ретінде неге Allur компаниялар тобы АҚ таңдалғанын түсіндірді.
«Жаңа инвестор үшін шешім қабылдау орталығы Қазақстан болуы керек. Бұл – Қазақстанда жұмыс істегісі келмейтін немесе Қазақстан бизнесінің бір бөлігі болып табылатын адамдар болмауы керек. Бұл біздің ұстаным. Инвестор немесе инвесторлар тобы үшін шешім қабылдау орталығы Қазақстан болса, бұл жақсы таңдау. Allure Group компаниясының қазіргі бизнесі мен болат өндірісі арасында әлеуетті синергия бар. Барлығы көліктің металдан жасалатынын түсінеді. Міне, осыған байланысты біз автомобиль болатының өндірісіне қол жеткізе аламыз және оны қазіргі бизнеспен біріктіре аламыз. Бұл жерде қалыпты бизнес логикасы бар, өйткені бұл бізге логистикалық шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Оның айтуынша, жаңа инвесторға қатысты біржақты шешім қабылданған жоқ.
«Бұл шешімнің қабылдануына көп адам қатысты. Тұтас үкіметтік комиссия инвесторларды іріктеумен айналысты. Біз мәселені кім шеше алатынына және бұл шын мәнінде кім үшін негізгі бизнес екеніне сонымен қатар қазіргі бизнесімен синергия жасау мүмкіндігіне назар аудардық», – деді Қанат Шарлапаев.
Үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Оның айтуынша, жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев.
Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген.
Бұл хабарламада сондай-ақ, Лакшми Миттал мен компанияның бас директоры Адития Митталдың да мәлімдемесі бар. Онда компания басшылары 28 жыл бірге жұмыс істегені үшін қызметкерлерге алғыс білдірген.
46 кеншінің өліміне әкелген оқиғадан соң, Митталдың АМТ-ны Қазақстанға қайтаратыны белгілі болды. Шарлапаев сол күні дереу ақпарат таратып, «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді