Лаврентьев ArcelorMittal Temirtau активтерін сатып алу үшін жаңа компания құрып, биржадан қаржы тартты

Жарияланды (жаңартылды )
Лаврентьев жаңа компания құрды / shutterstock


ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа инвесторы Андрей Лаврентьев жаңа компания құрып, мәмілеге қажетті қаражатты AIX биржасында тартты, деп мәлімдеді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

«ArcelorMittal Temirtau компаниясын инвестициялау мақсатында жаңа инвестор арнайы жеке компания құрды. Онда жалғыз инвестор бір адам – Андрей Лаврентьев. Бұл компания AIX арқылы АХҚО-ға облигация шығарды, жеке қаржы тартты, өз ақшасын салды», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі үкімет үйінде өткен брифингте.

Қанат Шарлапаевтің түсіндіруінше, осындай ауқымдағы транзакция үшін бұл қалыпты жағдай.

«Лаврентьевтің компаниясы кәсіпорынды инвестициялық міндеттемесімен бірге Қазақстан Республикасының меншігінен сатып алуды іске асырады», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Брифингте Qazaqstan Investment Corporation АҚ ArcelorMittal Temirtau АҚ мен Ақтаудағы құбыр зауытының 100% акциясын 286 млн долларға сатып алғаны жарияланды.
Белгілі болғандай, ArcelorMittal Temirtau АҚ-ның жаңа инвесторы, Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев ArcelorMittal Temirtau-ды инвестициялау үшін 5 жылға 1 млрд доллар қарыз алады.

Kompra дерегінше, кәсіпкер 2023 жылы 5 кәсіпорын құрған. Олардың арасында 2023 жылғы 30 қазанда құрылған Qazaqstan Steel Group ЖШС бар. Компания болат құю ісімен айналысады деп жазылған. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 желтоқсанында QSG HOLDING LIMITED жеке компаниясы тіркелген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Лаврентьев инвестиция тарту үшін арнайы құрған компания АХҚО-ға облигация шығарған. «Курсив» осы облигацияларды тауып алды.

QSG HOLDING LIMITED, AIX дерегі бойынша, 5 жыл ішінде 1 млрд доллар қарыз алады. Бұл ретте 355 млн доллар көлеміндегі облигациялардың бірінші траншы 2023 жылғы 20 қарашадан басталады. Бір қызығы, компания бірінші транш жарияланғаннан кейін 2 аптаға жуық уақыт өткен соң тіркелген.
Жылына 15%-бен әрқайсының құны 500 мың долларға жуық 710 бағалы қағаз шығарылған. Облигация бойынша төлем жасау 2027 жылдың 20 қарашасына дейін жоспарланған.
Айта кетейік, Qazaqstan Steel Group акционерінің QARMET-тегі ресми өкілі болып Талғат Темірханов тағайындалды.

«Қайырлы күн, менің аты-жөнім Темірханов Талғат. Өздеріңіз білетіндей, бүгін мемлекет атынан осы ArcelorMittal Temirtau компаниясына тиісті активтердің берілу жұмыстары аяқталып жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесінде әрине, қоғамның атынан, жұмыскерлердің атынан біраз сұрақтар туындап жатыр. Сондықтан өткізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі бойынша хабар беру үшін біз компания атынан тиісті хабарламаларды жеткізу үшін, тиісті каналды ашқан болатынбыз. Астында көрсетілген сілтемеге кіріп, осы жұмыс аясында болып жатқан соңғы хабарларды білуге мүмкіншіліктеріңіз болады. Сондықтан кіріңіздер, оқыңыздар, рахмет», – деп мәлімдеді QARMET-тің ресми өкілі.

8 желтоқсанда үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол жаңа инвестор Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев екенін айтты.
Қанат Шарлапаев жаңа акционердің не үшін таңдалғанын түсіндірді және ArcelorMittal Temirtau-ға «Қармет» атауы қайтарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз