Қазақстаннан пана сұраған журналист Балтатарова Ресейге экстрадициялана ма – министрлік жауап берді
Бурят журналисі Евгения Балтатарова Ресейге экстрадицияланбайды. Бұл жайлы «Курсивке» ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, журналистің өз елінде қудалануына себеп болған бап Қазақстанда қылмыс болып есептелмейді.
Қазіргі уақытта Е.С.Балтатарованы ұстауға және Ресей Федерациясына экстрадициялауға негіз жоқ, өйткені жасалған әрекет (РФ Қылмыстық кодексінің 207-бабының 3-бөлігі «Ресей Федерациясының қарулы күштерін пайдалану туралы көрінеу жалған ақпаратты жария тарату») Қазақстанда қылмыс болып саналмайды»,- делінген министрлік жауабында.
Министрліктің хабарлауынша, экстрадициялау мәселесі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құзыретіне кіреді. Сонымен бірге«Босқындар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 1-бөлігіне сәйкес пана іздеуші азаматтар жергілікті атқарушы органның шешімі шыққан күннен бастап яғни босқын мәртебесін беруден бас тарту, ұзарту немесе айыру, сондай-ақ босқын мәртебесін тоқтату туралы уәкілетті орган немесе сот шешімі шыққан соң, бір ай ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан өз еркімен кетуге міндетті.
«Осы айтылған мәселелерге байланысты мұндай тұлғалардың уақытша тұруға рұқсат алуы мүмкін емес. Министрлік осы Заңның 18-бабы 2-тармағына сәйкес пана іздеушілер мен босқындар Қазақстан Республикасының аумағынан өз еркімен кетуден бас тартқан жағдайда, мәжбүрлеп шығарып жіберу сот органының шешімі бойынша жүзеге асырылатынын хабарлаймыз»,- делінген жауапта.
Еске сала кетсек, ресейлік журналист Балтатарова Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына босқын мәртебесін беру туралы өтініш берген. Алайда 6 қазанда департамент оған мұндай мәртебе беруден бас тартты. Департамент шешімімен келіспеген журналист департаментті сотқа беріп, өз арызында департаменттің өзіне босқын мәртебесін беруін талап етті. Алайда ресейлік журналист бұл сотта жеңіліп қалған болатын.