Жаңалықтар

2024 жылы Алматының сейсмикалық аудитіне 4 млрд теңгеден аса қаржы кетеді

Досаев Алматының үш жылдық кезеңге арналған бюджетін мәслихат талқылауына шығарды / Фото: kursiv.media

Алматыда электрокарларға арналған 150 қуаттау құрылғысы орнатылады. Бұл жайлы Алматы қаласы мәслихатында өткен жиында қала әкім Ерболат Досаев айтты.

Әкімнің айтуынша, электр көлігін дамыту үшін 2024 жылы тротуарлық және алаңдық автотұрақтарда 150 электр қуаттау құрылғысы орнатылып, электрокарларға арналған 300 тұрақ орны ашылады. Осы мақсат үшін 10 әлеуетті жеке инвестор тартылған.

Әкім сонымен бірге инновациялық өндірістерді одан әрі дамыту үшін Алматының индустриялық аймағын кеңейту қолға алынғанын хабарлады.

«Қазір 194 га жер сатып алынды. 2024 жылы оның инфрақұрылымын салуға шамамен 20 млрд теңге қажет. Алдағы 2 жылда барлығы 50 млрд теңге қажет болады. Кәсіпкерлікті одан әрі қолдау үшін 2024 жылғы бюджетте ШОБ-ты субсидиялауға 10,2 млрд теңге көзделген. Кәсіпкерлерге гранттар беруге тағы 500 млн теңге бөлеміз», –деді әкім.

Оның айтуынша қала экономикасын әртараптандыру аясында ШОБ-ты қолдауға басымдық беріледі. Өйткені биылдың өзінде ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесі 60% деңгейінде болады деп болжанып отыр.

«2023 жылы ШОБ-ты субсидиялауға, кепілдік беруге және несие беруге 51,1 млрд теңге, оның ішінде ЖБ-ке 10 млрд теңге бөлінді. Бұл 144,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге 1 705 жобаны қолдауға мүмкіндік берді»,– дейді әкім.

Сонымен бірге қаланы жарықтандыруға 10 млрд теңге қаражат жұмсалатынын айтты.

«2024 жылы сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз етуге 9,9 млрд теңге қарастырылған. Оның 3,1 млрд теңгесі қосымша электр қуатын төлеуге жұмсалса, 477 млн теңге диспетчерлендіруге жұмсалмақ. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сапалы сыртқы жарықтандыру үшін 85%-ға дейін жеткізіледі, 2025 жылы 100% сыртқы жарықтандыру қамтамасыз етіледі», – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ қаланың сейсмикалық жағдайы тексерелетін болады. Оған да қомақты қаражат жұмсалмақ. Биыл қазан айында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ және ҚР Сейсмология институты сейсмоаудит бастап, 2023 жылы 885,4 млн теңгеге 3 500 нысанды тексерген. Ал сейсмикалық аудитті 2024 жылы жалғастыру үшін бюджеттен 4,1 млрд теңге қажет.