Жаңалықтар

Коммуналдық төлемге арналған тұрғын үй көмегін қалай алуға болады?

Тұрғын үй көмегі орташа айлық жиынтық табысының 10 пайызынан асатын жағдайда төленеді / Фото: kursiv.media

Коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілгеніне байланысты халықтың осал тобы арнайы көмек қаражатын ала алады. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Коммуналдық тұрғын үй көмегі не үшін төленеді? Бұл төлем тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін төлеуге және жалдау ақысын төлеуге беріледі.

Бұл көмекті кімдер алады? Жергілкті бюджеттен берілетін бұл қаржат аз қамтылған қазақстандықтарға, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Яғни халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын басқа да санаттағы азаматтарға берілуі тиіс.

Берілетін көмек сомасы қалай есептеледі? Тұрғын үй көмегі коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар дейңгейі отбасының немесе азаматтың орташа айлық жиынтық табысының 10 пайызынан асатын жағдайда төленеді. Мысалы, сіздің қалаңыздағы шығындардың шекті рұқсат етілген деңгейі 10 пайыз көлемінде білгілнген делік. 100 мың теңге кіріс жағдайында шығыстардың рұқсат етілген деңгейі 10 мың теңге болады. Ал нақты коммуналдық төлем 18 мыңға тең болса, мұндай жағдайда жергілікті бюджеттен 8 мың теңге өтемақы беріледі. Бұл коммуналдық көлемнің 45 пайызын құрайды.

Көмек алу үшін не істеу керек? Тұрғын үй көмегін алу мәселелері бойынша электрондық үкімет порталына немесе жақын маңдағы ХҚКО-ға хабарласу керек. Толығырақ ақпаратты 1414 нөмірі арқылы ала аласыз. Бұл көмек ​сумен жабдықтау, су бұру, газ, жылыту және т.б. қосқанда, 12 қызмет бойынша тарифтердің өсуіне қатысты беріледі. 

Биыл әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың коммуналдық қызмет ақысын төлеуге Алматы әкімдігі 3,3 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде 315 мың алматылықтар коммуналдық қызметтер құнының 100%-ға жуық өсімін жабатын төлем алған.