Жаңа Салық кодексіне сәйкес оффшорлық юрисдикциялардағы компаниялармен жүргізілетін операцияларға шектеу енгізіледі. Бұл жайлы премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар басшылары және дипломатиялық корпус пен жеке бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтты.
Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында негізінен салық саясаты саласында жүргізіліп жатқан реформалар, инвестициялық ынтымақтастық, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау мәселелері талқыланды.
Смайылов Үкімет жұмысының басымды бағытының бірі инвестиция тарту екенін атап айтты. Бұл экономикалық өсудің негізгі факторы боп қала бермек. Ал инвестициялық тартымдылықты арттырудың маңызды аспектілерінің бірі – болжамды және ашық салық саясаты. Осыған байланысты Қазақстанда фискалдық реттеуді жетілдіру үшін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр.
Қазіргі уақытта ол бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдар өкілдерімен әртүрлі алаңдарда қызу талқылануда. Жыл басынан бері 250-ден астам жұмыс кездесуі өткізіліп, мыңнан астам ұсыныс түскен. Барлық мәселе апта сайын тұрақты жұмыс тобының қарауына ұсынылады.
«Резидент емес тұлғалардан алынған материалдық емес қызметтер үшін шегерім сомасын шектеуге қатысты инвесторлар жиі көтеретін мәселе шешілді. Енді бұл шектеу тек оффшорлық юрисдикциялардағы компаниялармен жүргізілген операцияларға қатысты болады», – деді Үкімет басшысы.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, жеке шарттарда келісім жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық шарттардың жаңа тетіктері енгізіледі. Сондай-ақ инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасқанда салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беріледі. Ал күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келісімшартты жасасқанда фискалдық ынталандырулар бар.
«Қолданыстағы ынталандыруларды сақтай отырып, жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағытталған сервистік әкімшілендіру моделі енгізіледі. Салық есептілігі 30%-ға, ал салық төлемдерінің саны 20%-ға қысқарады», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, бөлшек салық режимін қолдану бойынша қызмет түрлері екі есеге кеңейтіледі. Бұл өзгеріс 1 млн-нан астам салық төлеушіні қамтуға тиіс. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салықтан босатылады.
Жиында Қазақстанның IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде бір жыл ішінде 6 сатыға көтеріліп, 37-орынға табан тірегені айтылды.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы құзырлы мемлекеттік органдарға айтылған барлық ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.