Президент адам құқығы мен заң үстемдігі саласындағы жоспарды қамтитын жарлыққа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адам құқығы мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат Ақорда сайтында жарияланған.
Сонымен қатар Мемлекет басшы Х әлуметтік желісіндегі парақшасында бұл жарлыққа Дүниежүзілік адам құқықтары күніне орай қол қойғанын жазды. Тоқаев құжат адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтатынын атап өтті.
«Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған. Бірлесу бостандығы құқығы мен еңбек құқығын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолдары қарастырылған. Құжат адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтады. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде тиісті заңдар қабылданады», – деді Президент.
Аталмыш құжат келесі бағыттар бойынша бірқатар іс-шараны қамтиды:
- Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету
- Бала құқықтары;
- Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою;
- Қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездікпен қараудың алдын алу саласындағы адам құқықтары:
- Бірлесу бостандығы құқығы;
- Мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және босқындарға қатысты адам құқықтары:
- Мүгедектерге қатысты адам құқықтары;
- Еңбек етуге, еңбекті қорғауға және кәсіподақтың қызметіне құқық:
- Кәсіпкерлік қызметтегі адам құқықтары.