ArcelorMittal Temirtau компаниясының 7 қызметкері қамауға алынды
Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахтасында орын алған апатты тергеудің алдын ала нәтижесін жариялады. Нәтижесінде Костенко шахтасының басшылығы мен инженерлерінен 7 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес, күдіктілер Қарағанды облысындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылуда», –делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары ІІМ, ҚМА, ТЖМ және Агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің қатысуымен жүргізіп жатыр.
«Жарылыс бастапқыда №48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болғаны анықталды, оның көзі – шахта кенжары конвейерінің жұмысынан шыққан механикалық от. Бұл жарылыс шахта өндірісіндегі көмір шаңының кезең-кезеңмен жарылыстарына әкелген, себебі оның концентрациясы рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай жоғары болған. Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына байланысты екені анықталды», – дейді Бас прокуратура.
Сонымен қатар, тергеу аясында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген тиісті тұлғаларына да құқықтық баға берілмек.
ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты Костенко шахтасында 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылыстан кейін, Президент Үкіметке «АрселорМиттал» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған болатын.
Кеше ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционері белгілі болды. Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, жаңа инвестор – «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев, Ол компанияны 286 млн долларға сатып алған.
Бұған дейін үкімет комиссиясы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының Костенко шахтасындағы апатқа 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп таныды. Жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталған.