Миттал кете салысымен ел үкіметі Костенко шахтасындағы апатқа кім кінәлі екенін жариялады
Үкімет комиссиясы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының Костенко шахтасындағы апатқа 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп таныды. Жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталған. ТЖМ апатты тергеп жатқан үкіметтік комиссия жұмысын аяқтағанын хабарлады.
Комиссия техникалық құжаттама, айғақтар мен басқа материалдарды егжей-тегжей зерделеген көрінеді.
«Нәтижесінде өрт және метан-ауа қоспасының одан әрі жарылуы қырғыш конвейер элементтерінің соққысы мен үйкелісінен пайда болған механикалық ұшқыннан газдың (метанның) тұтануының болғаны анықталды. Газдың өзі астыңғы төсемеден бөлінген. Комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылушылықтарын да анықтады», – делінген хабарламада.
Комиссия өнеркәсіптегі қауіпсіздік талаптары да бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда, жұмыстың толыққанды ұйымдастырылмауы және қауіпті өндірістік факторларға қажетті өндірістік бақылаудың жоқтығы атап өтілді. Олардың қатарына тұрақты шахталарда шаң мен жарылысқа қарсы шараларды орындау да жатады.
Үкімет кеше ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, жаңа инвестор – «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев, Ол компанияны 286 млн долларға сатып алған.
Айта кету керек, ArcelorMittal Temirtau компаниясында болған ірі апат салдарынан тамызда 11 адам, қазанда 46 кенші қаза тапты. Тамызда болған апаттан кейін үкімет түлкібұлаңға салып, компанияның қашан және қандай жағдайда мемлекетке қайтарылатынын, жаңа инвесторы кім болатынын да бірден ашық айтпады.
Ал 46 кеншінің өліміне әкелген оқиғадан соң, үкімет шалт қимылдай бастады. Апат болған күні Митталдың АМТ-ны Қазақстанға қайтаратыны белгілі болды. Шарлапаев сол күні дереу ақпарат таратып, «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді. Президент те бұл оқиғадан соң «ArcelorMittal» инвесторын ел тарихындағы «нашар инвесторға» балап, бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған еді.
Мардымды жауап болмаған соң, түрлі қауесеттер тарады. Компанияның ресейлік тау-кен металлургиялық «Северстальға» өтуі мүмкін деген ақпарат пайда болды. Бірақ Роман Скляр «АрселорМиттал Теміртаудың» ресейлік «Северстальға» сатылуы туралы қауесеттерге сене бермеуге шақырды.