Жаңа жылдан бастап үлестік құрылысқа қатысу келісімі Qazreestr.kz арқылы онлайн рәсімделеді
Фото: kursiv.media
2024 жылдан бастап қолданысқа үлестік құрылысқа қатысушылардың келісімшартын рәсімдеудің цифрлық форматы енгізіледі. Нәтижесінде үлескерлердің тәуекелі төмендеп, келісімшартты тіркеу уақыты 3 күннен 1 күнге дейін қысқарады. Бұл туралы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ бизнес процестер және цифрлық даму департаментінің директоры Ернар Абитаев айтты.
«Qazreestr.kz – құрылыс компанияларының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын бірыңғай ақпараттық жүйе. Бұл жүйе үлескерлердің алданып қалу тәуекелінің алдын алады», – деді департамент директорыQazreestr.kz бірыңғай ақпараттық жүйесінің жаңа нұсқасының таныстырылымында.
Ернар Абитаевтің түсіндіруінше, қазір құрылыс компаниялары үлескерлердің келісімшартын кеңседе рәсімдейді. Қол қойылғаннан кейін құжаттың көшірмесін eGov порталы арқылы әкімдікке жолдайды. Әкімдік оң баға берсе, құрылыс компаниясына келісімшарттың тіркелгені туралы хабарлама жіберіледі. Құрылыс компаниясы мұны үлескерге жеткізеді. Осыған 3 күн уақыт кетеді.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нарығын цифрландыру келісімшартты тіркеу уақытын 3 күннен 1 күнге дейін қысқартады. Осы турасында Ернар Абитаев:
«Qazreestr.kz eGov Mobile қосымшасымен онлайн режимде ЭЦҚ немесе QR-код арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шартын рәсімдейді және оны автоматты түрде тіркейді. Бұл тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шартының бұрмалану тәуекелінің алдын алады. Сонымен қатар осыған дейін 3 күн атқарылған істі бірнеше сағатта шешуге мүмкіндік береді. Бұрын келісімшартты рәсімдегенде немесе тіркегенде қате кетіп жататын. Жаңа механизмде құрылыс компаниясы Qazreestr.kz порталында бекітілген келісімшартты дайындап, үлескерге жібере алады. Үй алатын адам оған электронды цифрлық қолтаңба немесе QR-код арқылы қол қояды. Сосын құжат автоматты түрде әкімдікке тіркеуге жіберіледі. Осының барлығы 1 күнде жасалады», – деді.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ өкілі Qazreestr.kz жаңа жылдан бастап іске қосылатынын, қазір бірыңғай ақпараттық жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен интеграцияланып жатқанын жариялады.
«Қазір Qazreestr.kz бірыңғай ақпараттық жүйесінің жаңа нұсқасы сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Жалпыға ортақ қолданысқа енгізу үшін тиісті ереже бекітілуі керек. Мәселе жыл соңына дейін шешіледі, келесі жылдың басынан бастап Qazreestr.kz тиісінше жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз», – деді Ернар Абитаев.
Департамент директоры тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шартының бұрмалану тәуекелі қандай жағдайда орын алуы мүмкін екенін түсіндірді.
«Қазақстанда үлескерлерден ақша тарту көп жағдайда санкцияланбаған келісімшарттар арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, бөліп төлеу, алдын ала сатып алу-сату келісімі сияқты рұқсат етілмеген келісімдер арқылы орындалады. Мұндай келісімдер ресми тіркелмейді. Бұл құрылыс компаниясына ақша берген үлескердің пәтерінің қайта сатылу қаупін туғызады. Басқа сценарийде үлескер ақшасыз және пәтерсіз қалуы мүмкін», – деді Ернар Абитаев.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ өкілі тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысатын азаматтар осы іске қадам жасардың алдында құрылыс компаниясының рұқсат беру құжаттары мен кепілдігіне назар аудару қажеттігін алға тартты.
«Тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысқан кезде Ұлттық экономика министрлігі бекіткен үлгі нысанын мысалға алып, келісімшартты Qazreestr.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы рәсімдеу қажет», – деді департамент директоры.