Қазақстанда электромобиль құрастырушыларды даярлау орталығы ашылды
Қазақстанда тұңғыш рет электромобильдерге қызмет көрсететін инженерлерді даярлау орталығы ашылды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі 24.kz сілтеме жасап хабарлады.
Заманауи машина жасау мектебі Өскеменде орналасқан. Жоба Қазақстан-Қытай әріптестігі және мемлекетаралық келісімдер аясында жүзеге асырылды.
Автопилоттық көліктер қала көшелерімен жүреді. Ал жасанды интеллект жол-көлік оқиғаларының алдын алады. Ақылды машиналарға арналған бағдаршамдар да дайын.
«Осындай смарт технологиялық көліктерге арналған шеберхана құру – өте маңызды. Ол арқылы интеллектуалды жүйені біздің өңірде ғана емес, барлық аймақта дамытуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде қозғалыс қауіпсіздігін едәуір арттырады»,– дейді PHD докторы Самат Байгереев.
Бұған дейін отандық ғалымдар тобы көрші елде тағылымдамадан өтті.
«Бұл аккумуляторлық батареялардың құрылымдарын зерттеу және диагностикалау бойынша оқыту платформасы. Мұнда аккумуляторды ғана емес, қосалқы жабдықтарды да меңгереміз. Жаңа жүйені енді үйреніп жатқан студенттер үшін бұл өте маңызды», – дейді профессор, техника ғылымдарының кандидаты Марат Мұздыбаев.
Әлбетте, отандық техниктер үшін әлемдік үрдістерді қуып жету маңызды. Қазірдің өзінде нарықта сатылған әрбір бесінші көлік электр қозғалтқышпен жүреді. Әлемде электромобильдер сатылымы 34%-ға өсті.
«Алдағы уақытта Ақтөбеде робототехника және мұнай-газ өндірісі саласында машина жасау бойынша осындай орталық ашылады. Сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында Компьютерлік инженерия бойынша өндірістік орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Ал Өскемендегі шеберхана жыл сайын жүздеген машина жасаушылар мен білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді», – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.