Щучьедегі студент өлімі: 4 адам қамауға алынып, қайғылы оқиғаның себебі анықталды

Жарияланды

Ішкі істер министрі Щучьедегі студенттің өліміне қатысты /kursiv.media

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Щучьедегі студенттің өліміне қатысты сұраққа жауап берді.

«Бұл кісі өлтіру болған жоқ, біз дәлелдедік. Бұзақылық, бопсалау фактісі анықталды. Жәбірленушіні таныған 4 адам қамауға алынып, жауапкершілікке тартылды. Тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді Ержан Саденов Мәжілісте өткен үкімет сағатынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Тілшілер министрден: «бұл – суицид пе?» – деп сұрады. Ол: «Иә, бұл – суицид», – деп жауап берді.

Ержан Саденов қылмыстық іс «өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қозғалғанын атап өтті.

«Қылмыстық іс суицидке итермелеу бабы бойынша қозғалды. 4 адам бұзақылық, бопсалау фактісі бойынша тергеліп жатыр», – деді Ішкі істер министрі.

Естеріңізге салайық, 2023 жылы 6 қазанға қараған түні Щучьедегі теміржол бойынан Жоғары техникалық колледждің 4-курс студентінің мүрдесі табылды.

Полиция қайтыс болған 19 жасар студенттің Роман Бодагов екенін, оның мәйіті Бурабай курорты мен Жамантұз ауылы арасындағы теміржол бойынан табылғанын мәлімдеді. Осыған қатысты Көкшетау станциясының желілік полиция бөлімшесінде ҚР ҚК-нің 344-бабы 2-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне арнайы тапсырма беріп, студенттің өліміне қатысты мән-жайды анықтауды жүктеді.

«Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне Ақмола облысының Щучье қаласында болған студенттің өліміне қатысты барлық мән-жайды жан-жақты тексеруді тапсырды. Кінәлілер заң талаптарына сай жауапқа тартылуы керек. Президент бұл мәселені ерекше бақылауға алды», – деп хабарланған Ақорданың Telegram арнасында.

Сондай-ақ оқыңыз