«Bek Air ісі»: 4 жылға жуық уақыт өтсе де, тергеу әлі жалғасып жатыр
Bek Air әуе компаниясы Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қозғалған қылмыстық іс аяқталуға жақын, деп мәлімдеді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Журналистер қылмыстық істің қаралу мерзімі 2027 жылға дейін екенін алға тартып, «кінәлілер жазалана ма?» – деп сұрады.
«Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Таяуда барлығын аяқтаймыз деп ойлаймын. Халықаралық бағытта бірқатар техникалық сараптама қамтылды. Сондықтан қиындық болды», – деді Ішкі істер министрі Мәжілісте өткен үкімет сағатынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Ержан Сәденов «Bek Air ісіне» кінәлілер тиісті жазасын алатынын айтты.
«Бұл іс жабылмайды, ол жүріп жатыр. Кінәлілер анықталды. Оларды міндетті түрде отырғызамыз», – деді Ішкі істер министрі.
2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Z92100/BEK2100 тұрақты ішкі рейсін орындаған Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан 12 адам қайтыс болып, 69 адам зардап шекті. 51 жолаушы ауруханаға түсті.
Үкімет 2020 жылғы қаңтарда Bek Air әуе компаниясын қызмет көрсету құқығынан айырды. Дәл осы жылы Алматы облысы Талғар ауданының соты Алматы қаласындағы халықаралық әуежай маңындағы «жерге байланысты айла-шарғы» жасаған шенеуніктерді бас бостандығынан айырды.
Әу баста Бас прокуратура Bek Air ұшағының апатына қатысты сотқа дейінгі тергеуді уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізді. Сол кезде тергеу бір жылдан астам уақытты алуы мүмкін екені мәлімделді. Алайда 4 жылға жуық уақыт өтсе де, тергеу әлі жалғасып жатыр. 2022 жылғы ақпанда қылмыстық іс ІІМ Көліктегі полиция департаментіне тапсырылды және қаралу мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды.
Айта кетейік, тәуелсіз Қазақстан тарихында бірнеше ұшақ апаты тіркелді: 2012 жылы Шымкент қаласының маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы құлап, 27 адам мерт болды. 2013 жылғы 29 қаңтарда Көкшетаудан Алматыға бағыт алған Scat компаниясының CRJ-200 ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі бақилық болды. 2015 жылғы 20 қаңтарда Жамбыл облысында «Ан-2» ұшағы құлады. Борттағы 7 адамның біреуі ғана аман қалды. 2016 жылғы 27 қаңтарда Алматы облысы Алакөл ауданынан Талдықорғанға науқас баланы алып келе жатқан UP-MD 600-N тікұшағы апатқа ұшырап, 5 адамның өмірін қиды. 2019 жылғы 27 наурызда Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің Ми-8 тікұшағы құлап, 13 адам опат болды. 2021 жылғы 13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақтағы 6 адамның төртеуі қайтыс болып, 2 адам ауруханаға жеткізілді.