Kursiv.Media серверлеріне 6-11 желтоқсан аралығында миллиардтан астам шабуыл жасалды   

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы

Басылымға қандай шабуыл жасалды/kursiv.media

Kursiv.Media басшылығы басылымның ақпараттық серверлеріне бұрын-соңды болмаған хакерлік шабуылға байланысты ресми мәлімдеме жасады. Kursiv.Media мұндай әрекетті БАҚ-қа қысым көрсету деп бағалап, бұған наразылық білдіретінін жариялайды.

2023 жылғы 6 желтоқсанның 18.00-нен (Астана уақытымен) бастап Kursiv.Media ресурстары кешенді ақпараттық шабуылдарға тап болды. Шауыл жасаушылардың кім екені әзірге белгісіз. Шабуыл бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жасалды. Оның ішінде:

  • DDOS-шабуылдар. 6 желтоқсан күні кешке серверге жасалған сұраныстар саны күніне 0,6-1 млн-нан 300-400 млн-ға дейін өсті (https://www.cloudflare.com/ мәліметі бойынша). Бес күн ішінде (6 желтоқсаннан бастап 11 желтоқсанды қоса алғанда) сұраныстар саны 1,3 миллард болды. Бұл күнделікті сұраныстардан 400 есе көп.
  • Корпоративтік пошта мен корпоративтік серверді бірнеше рет бұзуға талпыныс жасалған жағдай тіркелді.  
  • Фишингтік шабуыл: басылым қызметкерлеріне корпоративтік мекенжай ретінде жасырынған жалған мекенжайлардан хаттар жіберу әрекеті анықталды.

Серверлерге жіберілген сұраулар Kursiv.Media сайтынының ашылуын қиындатты. IT-департаменті мен басылымның қауіпсіздік қызметтері шапшаң қимылдап, орасан зор сәтсіздіктердің алдын алуға және сайт жұмысын жылдам қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Қымбат шабуыл (мұндай әрекеттің құны жүздеген мың доллар болуы мүмкін) өз мақсатына жете алмады.

Қазіргі уақытта шабуылды ұйымдастырғандар мен іске асырушылардың кім екенін дөп басып айту мүмкін емес. Дегенмен соңғы кездері Kursiv.Media-ға бейресми арналар арқылы журналистерге бірқатар тақырыпты жарияламау туралы ішінара қысым көрсетулер болған.

Kursiv.Media бас редакторы Мира Халина:

– Біз журналистика мен БАҚ-қа, әсіресе, заңды өрескел бұзатын құралдардың көмегімен қысым көрсетуге жол берілмейтінін мәлімдейміз. Мұндай әдістер тек осындай шабуылдарды ұйымдастырушылар мен орындаушылардың беделін түсіреді. Kursiv.Media редакторлары қысымға мойынсұнбайды және редакция саясатының принциптерін, оның ішінде жарияланатын тақырыптарды тәуелсіз таңдау мен өздігінен контент қалыптастыру дәстүрінен айнымайды.

Қазіргі уақытта Kursiv.Media құқық қорғау органдарына тиісті өтініш дайындап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз