Бас прокурордың орынбасары Қайрат Сатыбалдының бостандыққа шығуы туралы сауалға жауап берді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Бас прокурордың орынбасары Қайрат Сатыбалдының бостандыққа шығуы туралы сауалға жауап берді / коллаж kursiv.media

Қайрат Сатыбалдының мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін деген ақпаратқа бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев түсініктеме берді.

Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап берген прокурордың айтуынша, Қайрат Сатыбалдының мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы туралы шешімді сот қарастыратын болады.

«Кез келген сотталған азамат мерзімінен бостандыққа шығуға өтініш бере алады. Өтінішті сот қарайды. Ол (Қайрат Сатыбалды – ред.) өтініш берсе, оны босатады деген сөз емес. Сот оны босатуы да, босатудан бас тартуы да мүмкін»,– деді прокурор.

Журналистер прокурордан Қайрат Сатыбалдының Қайрат Боранбаев ізімен бостандыққа шығу мүмкіндігі туралы сұрады.

«Бостандықты сатып алу деген мүмкіндік бірде-бір заңда көрсетілмеген», – деп жауап берді прокурор «Сатыбалдының Боранбаев сияқты бостандықты сатып алу мүмкіндігі бар ма?» деген журналист сұрағына.

Әлеуметтік желіде сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылған Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін екені туралы айтылып жүр. Соған байланысты kursiv.media заң талаптарына шолу жасаған.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарғанын хабарлаған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз