Қазақстанда 11,5 млн тонна бидай бастырылды
Қазақстанда астық жинау маусымы толығымен аяқталды, 16,6 млн тонна астық, оның ішінде 11,5 млн тонна бидай бастырылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
«Бүгінгі таңда дәнді дақылдар бойынша егін жинау жұмыстары толық аяқталып, 16,9 млн га дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Орташа өнімділік 9,8 ц/га болғанда 16,6 млн тонна астық бастырылды, оның ішінде орташа өнімділік 8,6 ц/га болғанда, шамамен 11,5 млн тонна бидай бастырылды», – делінген ақпаратта.
Үкімет «жиналған өнімді бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуге», осыдан кейін «белгілі бір бөлігін ұн түрінде экспортқа шығаруды жоспарлаған.
Айта кетейік, сарапшылар қазіргі таңда бидайдың әлемдік бағасы өсіп келе жатқанын айтқан. Интерфакс ақпаратына сүйенсек, желтоқсан-қаңтар айларында Ресей бидайының бағасы тоннасына 240 долларға, АҚШ бидайының бағасы тоннасына 273 долларға, Франция бидайының бағасы тоннасына 250 долларға дейін өскен. Бұған астыққа деген сұраныстың артуы әсер еткен.
Мәселен, өткен аптада Қытай 1,12 млн тонна АҚШ бидайын алуға келісім жасаған. Осы маусымда Қытай АҚШ-тан 1,9 млн тонна бидай сатып алған.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстаннан Қытайға шамамен 3 млн тоннадан астам астық жіберілген.
Шілде айында ғана Қазақстанның Азық-түлік корпорациясы қытайлық COFCO компаниясымен 75 мың тонна бидай экспорттауға келіскен.
Ал тамызда корпорация төрағасы Самат Теңбаев нарықтағы Ресей мен Қазақстан бәсекелестігі туралы сөз қозғап, Қытайдың бізден 3-3,5 млн тонна астық алуға дайын екенін атап өткен.
Қараша айының басында Қазақстанның Азық-түлік келісім шарт корпорациясы Қытайға тағы 200 мың тонна астық жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойған.