Алматыда сот шешімі бойынша KHAN тұрғын үй кешені сүріледі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматыда сот шешімі бойынша KHAN тұрғын үй кешені сүріледі / shutterstock

Алматы әкімдігі мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен жұмысы аясында таулы жерлерде заң талаптары мен құрылыс нормаларына мүлдем сай келмейтін салынып жатқан 52 нысан анықталған.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, қаладағы 19 нысан бойынша толық немесе ішінара бұзу, учаскені бастапқы күйіне келтіру және нұсқаманы мәжбүрлеп орындау туралы сот шешімдері заңды күшіне енген.

Оның ішінде Витебская көшесі, 44/3,44 А мекенжайда орналасқан KHAN тұрғын үй кешені толықтай сүріледі.

Басқарма ақпаратына сүйенсек, нысанды «Tennis.kz» ЖШС салған, эскиздік жоба келісілмеген, авторлық және техникалық қадағалау, сараптама қорытындысы жоқ, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабардар етпеген. 

Тапсырыс берушіге қатысты басқарма ӘҚБтК-нің 316-бабы 1-бөлігі, 321, 462-бөлігі бойынша шаралар қабылдап, 28 сәуірде кешенді толықтай сүру туралы арыз түсірген. Сот талқылаулары аяқталғаннан кейін, 2023 жылғы 24 қазанда Алматы қалалық сотының қаулысымен объектіні бұзу туралы бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды. Заңсыз объектіні бұзу Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен жүргізіледі.

Соңғы екі жыл көлемінде заңсыз құрылыс салушыларға 20 қылмыстық іс қозғалып, 16 тұлға сотқа тартылған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, нарықтың 28 пайызы ғана заңды бағытта жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз