Қырғызстанда 200-ден астам мемлекеттік қызметкер қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевпен байланыста болған
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті жақында ғана опат болған қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевпен және кеден бастығының бұрынғы орынбасары Райым Матраимовпен байланысы бар деген күдікпен мемлекеттік органдардың 180-нен аса қызметкерін жұмыстан босатқан. Бұл туралы Интерфакс хабарлады.
«Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде түрлі деңгейдегі 226 мемлекеттік қызметкер әшкере болды. Олар Қамшы Асанбеков (Қамшы Көлбаев) және Райым Матраимовтың (Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары) мафиясымен құпия байланыста болған. Олардың ішінде 180-нен астам қызметкер қызметінен шеттетіліп, жұмыстан босатылды», – делінген хабарламада.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті баспасөз қызметінің дерегінше елдің кеден қызметінен 76 адам жұмыстан босатылған, ІІМ-нен 14 адам қызметтік міндетінен шеттетілген, жергілікті кеңестердің тағы 6 депутаты өз мандаттарын өткізіпті, жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерінен 65 адам қызметінен қуылған.
Қылмыс әлемінде Қамшы Көлбаев деген атпен белгілі Қамшы Асанбеков 4 қазан күні арнайы операция кезінде оқ тиіп, опат болған еді.
Осыдан соң, Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қылмыстық топтың серкесі Қамшыбек Көлбаевтың қайтыс болуына қатысты түсініктеме берді.
«Қарулы қарсылық кезінде қылмыстық авторитет жойылды. Көлбаевтың «Blonder Pub» мейрамханасында орналасқаны анықталды. Ол Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қызметкерлерінің заңды талаптарын елемей, атыс қаруын қолданып қарулы қарсылық көрсетті», – делінген хабарламада.
Көлбаев ҰҚК қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, оқ атқаны себепті, ҰҚК қарсы оқ жаудырған.
2012 жылы АҚШ арнайы қызметі Көлбаевты әлемдегі ең ірі есірткі тасымалдаушылар тізіміне қосқан. 2017 жылы Құрама Штаттарының билігі оның есімін «қара тізімге» қосып, бұрынғы КСРО елдерінен шыққан ең беделді қылмыс әлемінің серкесінің бірі деп атаған. Ол құрған қылмыстық топ пара алу, адам саудасы және өзге де заңсыз істермен айналысқан, Кезінде АҚШ Мемлекеттік департаменті билігі Көлбаев құрған қылмыстық желіні бұзуға қауқары бар ақпарат бергендер немесе оның тұтқынға алынуына ықпал еткендерге 5 млн доллар төлеуге уәде еткен болатын.