Бұл технологиялық ақау – Энергетика министрлігі Қазақстан ЖЭО-ларындағы апаттарға қатысты түсініктеме берді
Апат болған қалаларда жылу беру қалпына келтірелі бастады / Фото: kursiv.media
Энергетика министрлігі аяз бастала салысымен апатқа ұшырап жатқан Ақтау, Балқаш және Екібастұз ЖЭО-ларға қатысты түсініктеме берді.
«Ағымдағы жылғы 9 желтоқсан күні Балқаш қаласындағы Абай және Абдугалиев көшесіндегі жылу желісінің құбырына зақым келіп, 6 сағат ішінде түн мезгілінде қалпына келтірілді. Екібастұз қаласында қазіргі таңда 8 қазандық жұмыс істеп тұр, жылу беруде іркіліс болған жоқ. Ақтау қаласындағы 11а ықшамауданында жылу желісі зақымдалған, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталуда», – делінген хабарламада.
Министрлік бұл жағдайларды технологиялық бұзушылықтар ретінде сипаттаған. Сонымен бірге қиындықтарға қарамастан, жылу беру тоқтамағанын хабарлайды. Энергетикалық нысандарды пайдалану мәселелері бойынша министрлік жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланысып, жағдайды қадағалауында ұстап отырғанын мәлімдеген.
Теміртау қаласындағы жағдайға қатысты «КарГРЭС-1 Bassel Group LLS» ЖШС түсініктеме берген. Компанияның хабарлауынша, насос шұңқыры суға толып қалған.
«Қазіргі таңда 400 текше метр су тазаланып, насос қозғалтқышын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Суды сорып шығару үшін жұмыс істеп тұрған 4 жұмыс орнында сағатына 60 текше метр су төгетін сорғыдан басқа, ТЖД -нің 2 моторлы сорғылары пайдаланылды»,– деп хабарлайды компания.
Теміртау әкімдігінің хабарлауынша қала үйлеріндегі температуралық кесте қалпына келтірілген.
«Жылу 86/64 жоспарымен жүріп жүріп жатыр, кесте бойынша ол 87/65 құрайды.
ҚарГРЭС-1 су тасқыны сорғы стансасын су басып қалуына байланысты қазандық агрегаттары ауыстырылды. Станция резервтік отынға (мазут) көшірілді. Қазіргі уақытта нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, станцияның қажетті жабдықтары мен жанар-жағармай қоры жеткілікті мөлшерде», – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске сала кетсек, 10 желтоқсан күні «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС Екібастұз жылу электр орталығында апат болғанын хабарлады. Станцияның күл шығаратын құбырынан ақау шыққан болатын.
Ал 8-ші желтоқсанда Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Онда жылу құбырлар жүйесінде апат болған.