Жаңалықтар

Қазақстанда «нарко барондар» ұстала ма – Ішкі істер министрі жауап берді

есірткі бизнесі
Есірткі бизнесі бойынша елімізде 4 трансұлттық қылмыстық топ құрықталған / Фото: kursiv.media

Мәжілісте «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» тақырыпта үкімет сағаты өтті. Жиында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елімізде есірткі бизнесі қалай жүргізілетіні жайлы және оған қалай тосқауыл қойылып жатқаны туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша елдегі есірткі ахуалына үш негізгі фактор әсер етеді. Олар – каннабис шикізаты, солтүстік бағыт арқылы өтетін ауған героині және синтетикалық есірткінің таралуы. Соңғы 5 жылда 10 кг-нан 1 тоннаға дейін синтектикалық есірткі тәркіленген. Сондай-ақ қазіргі таңда есірткі қылмысы толығымен кибер кеңістікке көшкен. Бұл бизнестің «көрігі», әсіресе, телеграм-боттарда қызып тұр. Осы орайда министрлік арнайы ІТ мамандарын жұмысқа тартып, телеграм арнасындағы 1,3 мың интернет дүкен бұғатталғанын жеткізді.

Сонымен бірге бұл іске қатысы бар талай азамат жауапқа тартылған. Осы орайда депутат Николай Арсютин министрден есірткі бизнесінің басында отырған есірткі барондары жайлы сұрады.

«Қазақстан арқылы бірталай есірткі трафигі өтетініні белгілі. Есірткі өнімдері елімізге жеткізіліп, әртүрлі жасырын цехтарда дайындалып таратылады. Осы орайда, менің сұрағым бар. Неге жауапкершілікке тек тасымалдауышлар мен оны сатушылар ғана тартылып жатады? Өздеріңіз білесіздер оның ішінде көбісі – жастар. Олар үлкен мерзімге сотталып жатыр. Неге елімізде есірткі тасымалымен айналысатын ірі ұйымдастырушылар ұсталмай жүр? Нарко барондардың ұсталғаны жайлы нақты ақпарат бар ма? Бар болса, статистика келтіріп беріңіздер», – деді.

Өз кезегінде, министр есірткі бизнесі серкелерінің ұсталатынын, Қазақстанның тіпті шетелдік қылмыстық ұйым мүшелерін ұстағанын айтты.

«Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Біз 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты жойдық. Ал жалпы алғанда еліміз бойынша наркобизнеске қатысты 9 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Олардың да ұйымдастырушылары, өзіңіз айтпақшы, нарко барондар ұсталды. 4 трансұлттық қылмыстық ұйымға ТМД елдерінің азаматтары кірген. Қазіргі таңда мұндай топтардың 52 мүшесіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 14 адам жауапқа тартылған. Оның 13-і шетел азаматтары», – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Ал Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі нарко бизнестегі қаржы аударымдары жіті тексеріліп, қылмыстық фактор белгілі болғанда, ондай операциялар жауапты органдарға жіберіліп отыратынын айтты.

«Біз қаржылық зерттеу жүргіземіз. Ол зерттеулерімізден қылмыстық әрекеттер анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына жіберіп отырамыз. Олар сәйкесінше қылмыстық іс қозғайды. Жыл басынан бері біз құқық қорғау органдарына 50-ге тарта материалдар жібердік. Бұл материалдарда тек қаржылай операциялардың ғана емес, сонымен бірге нақты заңды тұлғалардың есімі де бар. Оларға қатысты тиісті шараларды құқық қорғау органдары қабылдайды», – деді агенттік өкілі.

Еске сала кетсек, жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 кг героин, 652 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ күштері 52 есірткі зертханасын жойып, 85 тоннапрекурсор тәркіледі. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері бойынша 37 қылмыстық іс тіркелді. Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды.