Алматылықтардың салық бойынша берешегі 4,5 млрд теңгеден асқан

Жарияланды
Алматылықтардың салық берешегі өте көп / shutterstock

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің дерегі бойынша қаладағы 69 мың жеке тұлғаның салық берешегі 4,6 млрд теңгені құрады.

Ақпаратқа сәйкес, бұл берешек жеке меншік нысандары  – мүлік, жер және көлік салығы бойынша жиналып қалған.

Салық органдары ескертеді. Салық төленбеген әр күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 есе көлемінде өсімпұл есептеледі.

Айта кету керек, көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде, ал мүлік пен жер салығы 1 қазанға дейін төленуге тиіс еді.

Егер қысқа мерзімде салық төленбесе, салық борышкерлерінің банк шоттары бұғатталып, тіпті шетелге шығуға да шектеу қойылуы мүмкін. Бұл шектеулерді алып тастау үшін берешегі бар тұлға берешек сомасының 25%-ы көлеміндегі сот шығындарын қоса төлеуге мәжбүр болады.

Салық берешегінің көлемін E-Salyq Azamat немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы білуге болады.

Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды жаңа жылды салық берешегінсіз қарсы алуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз