Жаңалықтар

Назарбаев естелік кітабына шетелдік баспагерлер қызығушылық танытып жатқанын айтты

Фото: nazarbayev.kz

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты естелік кітабына шетелдік баспагерлер қызығушылық танытып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» жетінші отырысына қатысты. Іс-шара барысында Назарбаев халықаралық қатынастар, санкция, климаттың өзгеруі және ядролық қауіп туралы айтты.

«Жалпы, осы онжылдықтарда Қазақстанда дағдарыстарды шешудің көптеген табысты кейстері жинақталды. Бұл кездесуде барлығы жайлы айту мүмкін емес. Қазақстанның соңғы 30 жылдағы сыртқы саясаты туралы желтоқсан айының басында шыққан менің естеліктерімнен толық біле аласыз.

Кітап үлкен қызығушылық тудырды және оны ағылшын тіліне аудару туралы шетелдік баспагерлерден ұсыныстар келіп түсуде. Жақын арада кітап әлемдік аудиторияға қолжетімді болады деп ойлаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Экс-президент тағы не туралы айтты. Саясаткер ядролық қауіп пен әлемнің болашағына алаңдайтынын мойындады.

«Біз ядролық апатқа бұрынғыдан да жақынбыз. Мұндай регрессия мені ерекше алаңдатады. Өйткені біздің еліміз ядролық қарусыздану ісіне үлкен үлес қосты. Жаһандық деңгейде саяси ерік-жігерсіз бұл салада елеулі прогреске қол жеткізу мүмкін емес», – деп атап өтті спикер.

Назарбаев 2019 жылдың наурыз айында Қазақстан Президентінің өкілеттігін өз еркімен тоқтатып және қазір ешқандай қызмет атқармайтынын еске салды.

«Бірақ бүкіл саналы өмірін өз еліне қызмет етуге арнаған адам ретінде мен әрқашан балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін әлемнің жағдайы мен болашағы туралы алаңдайтын боламын», – деп түйіндеді Қазақстанның экс-президенті.