Жаңалықтар

Қазақстан су көлігін дамыту үшін кеме порты мен зауытын салады

Қазақстанда кеме порты мен зауыты салынады/telegram/government

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында кеме порты, ал Каспий жағасында кеме зауыты салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қытайдан Ертіс арқылы қатынауға мүмкіндік беретін порт Ертіс трансшекаралық өзенінің транзиттік мүмкіндігін кеңейтеді. Нәтижесінде алыс-беріс артып, барыс-келіс көбейеді.

«Біздің ел арқылы Ресей мен Қытай арасында жаңа көлік бағдарын ашу мүмкіндігі туады. Осы бағытты дамыту аясында Семей қаласының маңында
кеме шлюзының құрылысы қолға алынады», – деді Марат Қарабаев.

Министр кеме порты Тұғыл ауылының аумағында салынатынын атап өтті.

Марат Қарабаев Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы кеме өндірісін қолға алуды жоспарлап отырғандарын жариялады.

«Қазіргі таңда «ҚазақстанТеңізФлоты» компаниясы кемелердің жаңа моделін жобалап жатыр. Жобаны Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады. Кеме зауытының өндірісін бастапқы кезеңде Каспий жағалауында орналасқан нысандардың базасында бастау жоспарланған. Бұл ретте
металл құрастыру жұмысын жүргізу мүмкіндігі бар «ЕрСай» компаниясының әлеуетін қолдану көзделген», – деді Көлік министрі.

Белгілі болғандай YDA, Asfat және ADP компаниялары жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.

Марат Қарабаев Жайық-Каспий каналын тереңдетуді ұсынды. Оның ойынша, бұл бастама жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Өзендегі кеме қатынасының одан әрі дамуына септігін тигізетін негізгі бағыттың бірі – Жайық-Каспий каналы. Осы канал арқылы экспорт көлемін қайта қалпына келтіруге болады. Тасымалдың болжамды көлемі шамамен 1 млн тоннаны құрайды. Келесі жылы аталған каналда тереңдету жұмысы басталады. Келешекте кеме жүру параметрлерін тиісті деңгейде ұстау үшін тереңдеткіш техника сатып алу жоспарланған», – деді Көлік министрі.

Жаһандық жүк айналымының 60%-дан астамы және сауданың 80%-ы су көлігіне тиесілі. Сондықтан су көлігіне деген сұраныс жоғары. Біздің ел әлемдік мұхитқа тікелей шыға алмайтындықтан су көлігінің барлық түрін дамытуға мүдделі.